Менингит тіркелген жоқ

Жыл басынан бері еліміз бойынша біраз адамның өмірін жалмап үлгерген менингит дерті қостанайлықтарды да алаңдатып отырғаны рас. Осыған орай, бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары В.Нечитайло мен департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Г.Досымова жергілікті БАҚ өкілдеріне өңірдегі эпиджағдай туралы айтып берді.WhatsApp Image 2018-06-05 at 11.17.33(1) Республикалық басылымдардағы ақпарат көздеріне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде менингит инфекциясымен 58 науқас тіркеліп, 13 адам көз жұмған. Ал, қостанайлық мамандардың айтуынша, өңірде ағымдағы жылдың 5 айында менингит дерті тіркелген жоқ. Дегенмен, “ауру тіркелген жоқ” деп арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан, мамандар сақтық шараларын күшейтуді қолға алған. Бүгінде өзге өңірлерді жайлаған дертке байланысты облыста арнайы штаб та құрылған.
-Өткен жылдармен салыстырып айтар болсақ, облыста 2015 жылы 3 жағдай, 2017 жылы 2 жағдай тіркелген болатын. Ал, 2016 жылы және биылғы жылдың 5 айында ауру тіркелген жоқ. Дегенмен, аурудың алдын алу мақсатында сақтық шаралары қолға алынды. Біздің мамандар ұйымдар мен мекемелерге барып кездесулер өткізіп, ата-аналарға, тұрғындарға ауру жайлы, одан сақтану жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Облыстық білім басқармасымен де бірігіп арнайы жоспар бекітілді. Қазір сол жоспар бойынша да жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – дейді В.Нечитайло.
Жоғары температура, бастың жиі ауруы, құсу, денедегі қызыл бөртпелер. Егер осындай белгілер байқалса, әдеттегі жұқпалы аурулардың бірі деп бейжай қарауға болмайды. Себебі, менингококк жұқпасы болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мамандар салғырттықтың салдары қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екендігін де қатаң ескертеді.
-Менингококк инфекциясы дегеніміз – мидың қабынуы. Бұл жұқпалы бактерия. Көбіне ауру қыстың аяғы мен көктемде және күзде өршиді. Иммунитеті төмен адамдар тез науқастанады. Биыл жаз кеш келгендіктен ауру мамыр мен маусым айында өрши түсуде. Менингококк жұқпасы адамға тек науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы арқылы беріледі. Дерт ауру адаммен сөйлескенде, түшкіру немесе жөтел арқылы жұғады. Дегенмен, қостанайлықтарға босқа үркудің қажеті жоқ. Ең бастысы, әр адам жеке бас тазалығын сақтап, үй-жайларды жиі желдетіп, адам көп шоғырланған жерлерден аулақ болса болғаны, – дейді бөлім басшысы Г.Досымова.
Айта кетер жәйт, менингококк ауруының алдын алу үшін 1 жастан бастап үлкендерге дейін жекеменшік емханаларда екпе салдыруға болады. Бұл вакцина ұлттық тізімде жоқ, сондықтан да ақылы. Құны 22 500 теңге тұрады. Қостанайда бұл вакцинаға деген сұраныс айтарлықтай болмағанмен, сұраушылар да жоқ емес. Бірақ, департамент мамандары аталмыш вакцинаның біздің өңірде жоқ екендігін, ол тек Алматыда ғана жүзеге асырылатындығын айтады.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓