Терек ұлпасынан болатын өрттен сақтаныңыздар!..
Жаз айы келісімен жер-дүние жасыл желекке оранып, құстар келіп, гүлдер мен ағаштар жапырақ жаятыны рас. Көктемнің дымқыл ауасы құрғай бастап, шіліңгір шілденің ыстық лебі еседі. Қаламыздағы жағалай өскен терек ағашы да бүршік атып, соңыра ұлпасы желмен жан-жаққа ұша бастайды. Осы өтпелі уақытта біздер шаһар тұрғындарын осы терек ұлпасынан сақтанғаны дұрыс деп ойлаймыз. Себебі, ұлпа тез жанғыш. Көбісі қызық көріп, ұлпаны жағалай өртеп, содан кейін сөндіре алмай келеңсіз жағдайларға душар болып жатады. Сондай-ақ, ұлпа өрттің тез тұтануына әкеп соқтыратыны бесенеден белгілі. Сондықтан да Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарын осындай себептерден туындайтын өрттен сақтандырғысы келеді. Ол үшін:
– терек ұлпасын жандырмау керек;
– балаларға сіріңке қораптарын ұстатпау шарт;
– ұлпа жақын жерден алау жағып, оны қараусыз қалдырмау абзал;
– темекі шегіп, оның тұқылын орынсыз жерге тастап, олақтыққа ұрынбау керек.
Құрметті Қостанайлық тұрғындар! Біз сіздерді осындай өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз! Соңы өкінішке соқтыратын орынсыз олақтыққа бармаңыздар!
Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті.