ШОҚПАР – КИЕ

Нұрекең – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қойтас елінің тумасы. Найман ішіндегі атақты қолбасшы Көкжарлы Көкжал Барақтың тікелей тұқымы. Ата-анасы Рәбіл мен Зағипа алпыс жыл аттан түспей мал баққан қарапайым жандар екен, 12 бала өсіріп-тәрбиелепті. Нұрлыбек – тоғыз ұлдың жетіншісі.
Бала күнінен ағаларынан қалыспай боксты жетік меңгерген ол республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп, спорт шебері атанған. КСРО ыдырамай тұрып, Забайкалье округінде әскери борышын өтеп жүріп те рингте жұдырықтасқандарын ұрып құлатып жүріпті. Кейін Алматыға келіп, аты аңыза айналған Мұстафа Өзтүрік негізін қалаған таэквондо жекпе-жегін дамытуға сүбелі үлесін қосты. Өзі қара белбеу иегері әрі талай шәкіртті жаттықтырып, таэквандоның талай хас шеберін дайындап шығарған тәлімгер. Сабыржан Махметов, Дәулет Тұрлыхановтай атақты спортшылардың батасын алғанын мақтан етеді. «Жігітке жеті өнер де аз», Нұрекеңнің ақындығы, асабалығы, домбыра мен гитарада ойнайтын қабілеті бар. Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі бүгіндері үш кітап шығарыпты.

– 2016 жылы Көкжал Барақтың ұлы Дос бабам түсіме кірді. Ұзын бойлы, ақ шапан киген ақ сақалды алып адам қолындағы шоқпарын маған ұстатып, «Балам, мына шоқпарға ие бол, саған аманат!» деп көзден ғайып болды. Ояна келіп, дәремтімді алдым да, таң намазына тұрып, Алладан ниет етіп бабамызға құран бағыштадым. Қолыма ара мен балта алдым да, өзім мекен етіп отырған Алматытының Ащыбұлақ округіне қарасты Көкқайнар ауылының сыртындағы тоғайға жүгірдім. Бір күш әкеле жатқан. Құданың құдіретін қараңыз, әлгі түсімнің жалғасындай болды – келе жатқанымда дәл қарсы алдымнан қарағаштың діңіне жұмырлана байланған бір жуан бұтағын көзім шалды. Шоқпар! Кесіп алып, үйге әкеп қабығын аршып, қуыстарын тазалап алғашқы баба қаруды шығардым. Бұл шоқпардың аты – «Дос». Одан кейін де «Барақ», «Нұрбай» (бабаларымның есімдерімен қойылған), қызым Жадыраға арнап «Көзмоншақ», жарым Жанарға арнап «Парасат» шоқпарлар жасадым. Бұл бесеуі үйімде тұр, ешкімге бермейтін мұралар. Міне, осыдан бастап өзімнің ағайын-бауырларыма да шоқпар жасап беріп жүрдім. Басында бұтақ жарып әкелетін ем, бір күні серуенге шыққан кезде көрші көшеде трактор қопарып тастаған ағашты көрдім. Тамырына қарасам, нағыз шоқпар сонда екеніне көз жеткіздім. Ағаштың тамыры өте берік, жарық түспейтін қатты келеді ғой, – деді Нұрекең болған оқиғаны баяндап.



Осы оқиғадан кейін белгілі ақын Хасен Зәкәрияның «Шоқпар» атты тамаша туынды өмірге келген екен. Қазір бұл шығарма ән болып орындалып жүр.

Кейіпкеріміз мұндай сәттің шоқпарға тіреліп отырмағанын, бәрі бір Жаратушының әмірі мен ниеттің қабыл болуында екенін қатаң ескертіп отыр. Бірақ, құдіреттің күштілігі, шоқпар сыйлаған отбасылардың қай-қайсысында атұстарлар дүниеге келіп жатыр екен. Кесте тігер тілегендердің де бірқатары мұратына жетіпті. Тіпті, киелі заттың сыртқы орауын алып кетіп перзентті болып жатқандар бар. Шоқпар сәбиден бөлек, басқа да қуаныштарға себеп болып жатыр.


Енді қызықты қараңыз, Нұрлыбек Бұлжан Қостанайға ұшақпен ұшып келген күні Ербол-Ақжан, Сапар-Көркемге және арнайы Кейкі бабамызға шабылған шоқпары Алматы әуежайында қалып қойыпты. Біз Ербол ағамыздың шаңырағына келесі күні сол бір әсерлі сәтке куә болып барған болатынбыз. Күні бойы әңгімеміздің тоқетері – іспетті қасиетті дүниені күттік.
– Оңтүстік астанамызда қаңтар қырғыны болды. Әсіресе, аэропортта адам қаны көп төгілді. Бәлкім, Кейкі батыр бабамыздың аруағы Алматы әуежайында бір түнеп, қанды оқиға болған жерді тазартып, ұшықтап жатқан болар, – деді Нұрекең.

«Бәрің де алаулаған жалынды ерсің,
Ат мініп, дауыл сынды арынды ерсің.
Нұрекеңдер ұстатса бір-бір шоқпар,
Жауға қарсы шабатын жауынгерсің.
Шоқпарды домбырамен ауыстырсаң,
Әуелетіп ән салар дарынды ерсің
Бауырыңнан өрбіген ұрпақтардың,
Есімі Алты алашқа мәлім болсын.
Құт келіп Нұрекеңнің қадамымен,
Жаратқан тілегеннің бәрін берсін!».
Ат мініп, дауыл сынды арынды ерсің.
Нұрекеңдер ұстатса бір-бір шоқпар,
Жауға қарсы шабатын жауынгерсің.
Шоқпарды домбырамен ауыстырсаң,
Әуелетіп ән салар дарынды ерсің
Бауырыңнан өрбіген ұрпақтардың,
Есімі Алты алашқа мәлім болсын.
Құт келіп Нұрекеңнің қадамымен,
Жаратқан тілегеннің бәрін берсін!».
Әуежайда бір түнеп келген үш шоқпар өз иелерін тапты: Ербол мен Ақжан жанұясына «Таутұлға», Сапар мен Көркем отбасына «Аллажар» атауы бар қару табыс етілді. Айтпақшы, Сапарға келген шоқпардың ағашы табиғатынан ерекше – ағаштың бойынан үкінің көзін көресіз.
Ал Нұрлыбек Бұлжан «Кейкі батыр» шоқпарын ел ардақтысы Айбек Қалиевке Торғайдағы мұражайлардың біріне жеткіз деген аманатпен тапсырды. Ақтаңгер ақын аманатқа қиянат жасамай, қасиетті қаруды арқалап Торғай топырағына кештетіп шығып, жолда қолмерген батыр кесенесіне соғып, Құран оқып кеткен еді.




Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ