Қос тұлғаға кесене тұрғызылды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғалы елдің тарихқа деген ынтасы оянып, көптеген игілікті істер жүзеге асуда. Әсіресе, артына өшпес із қалдырған, ағайын-туысқа ыстықта сая, суықта пана болған тұлғалардың есімдері жаңғырып, ұрпағымен қайта қауышқаны қуантады. Осынау игілікті шаралардың бәрі халықтың өз қажыр-қайраты, қаражатымен жасалып жатыр.
Жақында Жангелдин ауданы, Албарбөгет селолық округінде (Көкалат ауылы) Бәймен Құлназарұлы мен Тәйпен Жәнтәліұлына кесене тұрғызылып, ас берілді. Бұл екі тұлға да Торы Қыпшақ ішінде Қитабадан тарайтын Қара руынан шыққан.
Тәйпен Жантәліұлы – 19 ғасырдың белгілі билерінің бірі. Даңғайыр шешен Досбол датқамен, Шақшақ Жәнібектің ұрпағы Шеген бимен, өз дәуірінің белгілі би-шешен, батырларымен жақын сыйласқан. Беделді тұлғаның өнегелі сөздері көптеген кітаптарға енген. Терең ойлы тұлға ағайынды татулықты үндеп, елді бірлікке шақырумен ерекшеленеді. Заманында патшаның отаршыл билігіне бой ұсынбай, халқын ақылымен қорғаған. Зираты Айырқұмдағы Дуана тамында. Бұрын жатқан жерінде тек көктас ғана болса, енді көрнекті кесене бой көтерді.
Ал, Бәймен Құлназарұлы 1857-1930 жылдары өмір сүрген. Өңірге ислам дінін таратқан, өз заманының атақты тақуа діндары болған. Ел аузындағы деректер оның Орта Азия мемлекеттеріне барып, діни білім алғанын айтады. Медицина дамымаған тұста шөптен дәрі-дәрмек жасап, кісі емдеп, халықтың сауабын алған. Бері келгенше қабіріне барып, зиярат етушілер сейілген емес. Бел баласы Мейрам кеңес үкіметінің тұсында көрсетілген қысымға қарамастан дінді берік ұстанып, имандылықты насихаттады.
Бәймен Құрназарұлының бұрынғы Аққұм совхозына қарасты Жаманқопа телімінде жерленген. Басында темір қоршау ғана болатын. Енді алыстан мен мұндалап тұратын, биіктігі бес метрден асатын күмбезді кесене салынды.
Бабаларға берілген асқа ұрпақтары түгелдей дерлік жиналды. Салтанатты жиында Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов сөз сөйлеп, ұлы даланың төсі тарихқа толы екеніне тоқталды. Қос кесененің қысқа уақытта ұйымшылдықпен салынғанына баса назар аударып, мұның жастарға беретін патриоттық тәрбиесі зор екенін айтып, ұйымдастырушы топқа алғысын білдірді. Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов, Жангелдин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов, ұрпақтары атынан Азамат Белгібаев, Хамит Сыздықбаев пен Қуаныш Әбдірахмановалар сөз сөйлеп, тағылымды ойларымен бөлісті. Белгілі ұстаз Мәжит Сәдуақасов тұлғаларға қатысты тарихи деректерді молынан қамтыған баяндама жасады. Таласбай молда мешітінің имамы Асылхан қажы аруақтарға құран бағыштады. Құрылысты жүргізуге ауыл азаматтары Ж.Сейілханов, А.Тәжібаев, А.Шайхыстанов, Қ.Баймағанбетовтер ерекше үлес қосты.
Жиын соңында Жаманқопа қонысында балуан күресі ұйымдастырылып, соңынан Көкалат ауылында ас берілді. Ат жарысы өтті. Бұқаралық-спорттық шараға К.Карбозов, М.Махамбет, Б.Смайылов, Қ.Досмағұлов, С.Қасымов Д.Тәжібаев, С.Әмірхамзин, М.Сәдуақасовтармен осы жолдардың авторы да демеушілік еткенін айта кеткен жөн.
Көкалатта атқарылатын шаралар мұнымен шектелмейді. Тамыз айының 1-2 күндері елдімекенде түлектер басқосуы жоспарланып отыр. Көкалаттықтар жұдырықтай жұмылып, ауылды абаттандыруға қаржы қосты. Жиналған қаражатқа балалардың ойын алаңы салынып жатыр. Сонымен қатар, жастар жылының құрметіне саябақ ашылмақ.
«Рухани жаңғыру» Көкалатта осылайша көрініс табуда. Болашақта да туған жерге істелетін жұмыстар жалғаса бермек.
Талғат Әмірхамзин,
кәсіпкер