Спорт алаңдары бой көтереді
Ағымдағы жылдың соңына дейін Лисаковта жаңа спорт алаңдары пайда болады, деді Лисаков қаласының әкімі Марат Жүндібаев журналистермен өткен брифингте.
М.Жүндібаевтің айтуынша, Лисаков қаласында ағымдағы жылы шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша спорт алаңдарының құрылысымен қоса, №1 су жылыту қазандығы, Темірбаев көшесінің жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Биыл ең бірінші рет инженерлік желілері жоқ Парковая, Больничная, Банковская көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған бөлінетін қаржы 80 млн. теңге.
«6 шағын ауданда және №1 орта мектеп алдында спорт алаңдары бой көтереді. Оған 32,7 млн. теңге бөлінеді. 12,14 және 24 шағын ауданының кәріз желісінің құрылысы аяқталуға жақын. 6 шағын ауданындағы №11 тұрғын үйге газ өткізу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Қалаға қарасты Октябрь поселкесінің су өткізу желісі құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде», – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда еккен гүлдер саны 37% артып, ал жас көшеттерді отырғызу 3 есеге дейін көбейген.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ