Аманатқа адалдық
Үстіміздегі жылы Жанкелдин ауданындағы Ыбырай Алтынсариннің өз қолымен қалаған мектебіне 150 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай облыста жыл бойы мерейтойлық іс-шаралар бекітілген болатын. Мұны облыс әкімі Н.Садуақасов өз бақылауына алған.Торғайдағы тұңғыш мектептің торқалы тойы қарсаңында біз аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры Қонысбай Ражановпен сұқбаттасқан едік.
– Қонысбай Сапабекұлы, биыл Сіздер атын иеленіп отырған білім ошағының ашылғанына тура 150 жыл толды. Мектеп ұжымы осы тойға қандай тартумен келіп отыр?
– Торғайда тұңғыш рет білімнің шырағын жаққан Ыбырай Алтынсариннің мектебінде оқу кім-кімге де мақтаныш ұялатары даусыз. Тарихы тереңде жатқан оқу ордасынан әр жылдары қазақтың маңдайына біткен талай марқасқалар түлеп ұшқаны ақиқат. Бүгінгі кейінгі толқын сол кешегі аттары аңызға айналған алдыңғы буынның заңды ізбасарлары іспетті. Мектеп ұжымы сол жауапкершілікті абыройлы арқалап келеді десем қателеспеймін. Бүгінгі таңға дейін білім ошағында барлығы 726 бала білім нәрімен сусындады. Оның ішінде 108 бүлдіршін мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленді. Мектебімізде 11 сынып, 28 сыныптық кешен бар. Оқушыларға 103 мұғалім сабақ берді. Биылғы жылы Ыбырай мектебінен 50 түлек түлеп ұшты. Олардың 33-ші ҰБТ-ға қатысса, 17-сі дәстүрлі емтихан тапсырды. Жалпы, біздің мектеп оқушыларының орташа баллы 86,3 пайызға тең (бұрнағы жылдары бұл көрсеткіш 72 пайыз болатын). Оқу үлгерімі 100 пайыз. Бұл жаман көрсеткіш емес.
– Дұрыс екен. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін білікті мамандар қажет.Сынып бөлмелерінің де талапқа сай жабдықталуы үлкен рөл атқаратыны белгілі…
– Бұл тұрғыда ауыз тұщытып айтар жетістіктеріміз жоқ емес. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол кезде біздің мектепте химия, математика, физика кабинеттері уақыт талабына толық жауап беретіндей етіп жабдықталды. Оқушылар интернет желісін пайдаланып отыр. Бұрынғыдай емес шәкірттеріміз мектепте отырып-ақ кез келген пәндік олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік мол. Мұның оқушылардың да, мұғалімдердің де жан-жақты ізденуіне, табысқа жетуіне тигізер септігі мол.
Әлбетте, мектеп басшыларымен әңгімелескенде жоғары білімді мамандардың жетіспейтіндігі туралы жиі естиміз. Дегенмен, мемлекеттік "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы шалғай елдімекендерді жас мамандармен қамтамасыз етіп отырған жоқ па?
– Әрине, білім ошақтарында білікті мамандардың тапшылығы кез келген өңірге тән құбылыс қой. Бірақ, дәл біздің мектепте ондай мұқтаждық жоқ. Өткен жылы "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы арқылы біздің мектеп ұжымы үш бірдей жоғары білімді жас маманмен толықты. Олардың екеуі 1 пайыздық несие алып, баспанамен қамтылды. Оның үстіне оқу ордасында бұрыннан шәкірт тәрбиелеп келе жатқан жоғары санаттағы мұғалімдер көптеп саналады. Жекелеген ұстаздар мектебіміздің мақтанышына айналған. Мәселен, үстіміздегі жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Мәженова есімді маманымыз Қостанай облысының атынан республикалық "Үздік педагог" байқауына қатысып, жеңіспен оралды. Бұл шын мәнінде 150 жылдық тойға нағыз тарту болды. Сондай-ақ, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Римма Әбішева, математика пәнінің маманы Жанат Искакова, есімі облыс жастарының "Алтын кітабына" енген, физика пәнінің мұғалімі Салтанат Мәженова, бастауыш сынып мұғалімі Күлғаш Сейтенова, орыс тілінің маманы Салтанат Әлімбаева, ағылшын пәнінің маманы Ақбота Әмірхан тәрізді бір топ ұстаздарымызды мақтанышпен айтуға болады.
– Расында да, жетістіктеріңізге көңіл тояды екен. Қонысбай Сапабекұлы, енді тойға қалай әзірленіп жатырсыздар?
– Негізі, Ыбырай мектебінің тойы биылғы 8-ші қаңтарда бастау алды. Өйткені, білім ошағының іргетасы дәл сол күні, 1864 жылы сегізінші қаңтарда қаланған ғой. Тұңғыш мектепке ең алғаш 14 бала қабылданған деген дерек бар. Міне, сол қаңтар айында мектебімізде аудан деңгейінде ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Оған арнайы қонақтар – ардагерлер, БАҚ өкілдері шақырылды. Одан кейін Қостанайдың іргесіндегі Ыбырай атамыз мәңгілік тыныстап жатқан кесенеге апару, облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайына экскурсиялық саяхаттар жасауды жоспарлап отырмыз.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Ыбырай мектебінің 150 жылдық тойын облыс көлемінде атап өту мерзімі қыркүйек айына белгіленді. Сол кезде облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарланған. Аудан орталығында үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Біздің мектепті кезінде Ахаң, Жақаңнан бастап ағайынды Ахмет, Батырбек Бірімжановтар, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист Нәзипа Құлжанова, химия ғылымдарының докторы Оразғали Аймақов, Кенжеғали Сағадиев, Ғалым Байназаров, қазақтың классик ақындары Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, ауданымыздың қазіргі әкімі Асқарбек Кенжеғарин сияқты талай танымал тұлғалар бітірген. Осы кісілердің қазіргі көзі тірілері Торғайдағы тұңғыш мектептің 150 жылдық тойына шақырылады.Әзірге осындай жоспарларымыз бар. Ал қалғанын уақытында көре жатарсыздар.
– Әңгімеңізге рахмет!
«Қостанай таңының» анықтамасы:
Қ.С.Ражанов – 35 жылдан бері үзіліссіз ұстаздық етіп келе жатқан білікті маман. Ол 17 жылдан бері басшылық қызмет атқарады. 2013жылдан бері Ы.Алтынсарин мектебінің директоры. 2003-2005 жж. – Жанкелдин ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, 2011 ж. – қоғамдық негізде "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, "Нұр Отан" ХДП бастауыш партия ұйымының төрағасы болды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. 2008 жылы – "Жылдың үздік мұғалімі" атанды. Облыстық білім басқармасының, жоғары оқу орындарының Алғыс хаттарын иеленді.
Торғайдағы Ы.Алтынсарин мектебін әр жылдары басқарған директорлар:
1.Махат Нұржанов 1944-1948 жж.
2.Хамидолла Хұсайынов 1948-1952 жж.
3.Хакім Анапин 1952-1955 жж.
4.Қуаныш Досанов 1955-1957 жж.
5.Әуезхан Жүсіпов 1957-1959 жж.
6.Қайырбек Алматов 1959-1961 жж.
7.Ғалым Сейдеғалиев 1961-1963 жж.
8.Кәрім Әлмағамбетов 1963-1964 жж.
9.Ғазез Әмірханов 1964-1969 жж.
10.Ғарыбжан Ғабдырахманов 1969-1970 жж.
11.Айтжан Айбасов 1970-1973 жж.
12.Еркін Әлмағамбетов 1973-1976 жж.
1З.Әбдіғали Сәденов 1976-1979 жж.
14.Сәбитбек Оспанов 1979-1984 жж.
15.Сұлтанғали Оспанов 1984-1987 жж.
16.Серік Хасенов 1987-1988 жж.
17.Сағынтай Рашитов 1988-1990 жж.
18.Тұрсын Шаймағамбетов 1990-1992 жж.
19.Анжелика Ибраева 1992-1997 жж.
20.Қарасай Тұрғанбеков 1997-2000 жж.
21.Рәшила Кәленова 2000-2004 жж.
22.Теміржан Хасенов 2004-2005 жж.
23.Наурызбай Сейдахметов 2005-2008 жж.
24.Серік Нұрғазин 2008-2012 жж.
25.Амантай Биғазин 2012-2013 жж.
26.Қонысбай Ражанов 2013 жылдан бері.
Әлібек ЫБЫРАИ
СУРЕТТЕРДЕ: Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры Қонысбай Ражанов (сурет Қ.Ражановтың жеке мұрағатынан алынды); Мектептің сыртқы көрінісі; Ыбырай Алтынсариннің өзі қолымен қалаған мектептің қазіргі көрінісі.
Суреттерді түсірген автор.