ТКШ бөлімінің бастығы Жеңіс Шинкинді сот түбегейлі айыпты деп тапты
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бөлім бастығы Жеңіс Шинкин сыбайлас жемқорлыққа барды деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу нәтижелері күдікті расқа шығарды. Қос тарапты парақорлықтың басым салмағы осы шенеунікке түсіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, ТКШ бөлімінің бастығы, тендер науқаны кезінде, «СМУ-2010» ЖШС директоры Бобровпен астыртын ымыраласып, бюджет ақшасын қымқырмақ болған. Кәсіпкер мен шенеунік арасындағы келісім серіктестікке қаражат құйылысымен іске де асқан. Рудный қаласындағы банктердің бірінен 8 млн теңгеден астам ақша шешіліп, қос тарап пышақ үстінен бөліске түскен. Алайда көлеңкелі тірліктің ғұмыры келте болды. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің өкілдері ТКШ бөлімінің бастығын қақпанға түсірді. Бизнесмен де алысқа ұзай алған жоқ. Шинкинннің тендер құжаттарын әзірлеген қол асты қызметшісі де тұтылды.
Шенеуніктің ендігі тағдырына байланысты шешім қабылданатын сот отырысында айыпкердің қорғаушысы жандалбасалап бақты. Алға тартары – қорғалушысының кәмелетке жетпеген 4 баласының бар екендігі және… жақсы мінездемелер. Алайда сот айыпталушыға қарсы шешім шығарды. Өткен аптада күдікпен ұсталған оның ісі насырға шапты. Қылмыстық кодекстің жемқорлыққа қатысты бірнеше бабына сәйкес, Ж.Шинкинді тұтқындауды сот түбегейлі санкциялады. Алайда ол сотта өзінің сүттен ақ, судан таза екенін мәлімдеуден тайған жоқ. Одан бірақ қайран жоқ.
Ал, кәсіпкер бостандықа жіберіледі: айыбын үй тұтқыны болып өтемек.
Жандос Жүсіпбек