«Түнгі қала»
Бұл лирикалық туындысы емес. Жол қозғалысы ережесін бұзған 40 жүргізушіні құрықтаған жедел алдын алу іс-шарасының атауы.
Бір тәулік бойына тәртіп сақшылары ереже бұзғандарды ұстаумен қоса, алдын алу жұмыстарын жүргізді.Полиция қызметкерлері көңіл көтеру орындары маңын тінтіді. Есірткі және басқа да сақтауға тыйым салынған заттарды анықтауға күш жұмылдырды. Нәтижесінде, есірткі сақтау бойынша 4 дерек тіркеліп, 1 суық қару тәркіленді.
5 маусым күні Қостанай қалалық жағажайында тәртіп сақшылары назарына іліккен «Хюндай сантафэ» автокөлігі тексеріледі. 31-жасар жергілікті тұрғын басқарған көліктің есігіндегі қалташадан қолдан жасалған пышақ табылды. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал жол қозғалысы ережелеріне қатысты тексеру жүргізу кезінде 40 заң бұзушылық тіркелді. Темір тұлпарды мас күйінде басқарған 8 жүргізуші ұсталды. Сонымен қоса, тиісті құжатсыз автокөлікпен жолға шыққан 8 көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Махаббат Бекбай