«Ақбұлақ» ауыл жұртының алғысына бөленуде
Мемлекет басшысы 2011 жылғы халқына арнаған Жолдауында республика бойынша орташа алғанда ауыз суға қолжетімділік 2020 жылы 100 пайызға жуықтауы тиістігін атап көрсеткен болатын.Сондай-ақ, шалғайдағы ауылдарды, республикамыздың ауыз суға мұқтаж барлық елді мекендердің қажеттілігін өтеу үшін “Ақ бұлақ – 2020” бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында Жангелдин ауданында 2012 – 2014 жылдар аралығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесіне 11 елді мекен қосылып отыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты қажетті мөлшердегі және сапасына кепілдік берілетін ауызсумен қамтамасыз ету болып табылады. Қиырдағы ауылдардың «сақалды» мәселелері жүйелі шешімін тауып келе жатқаны қуантады. Бүгінде ауыз суды тасымалдап ішетін елді мекендерге аталмыш бағдарламаның шапағаты тиіп, толығымен тұщытылған ауыз сумен қамтылды.
Тізбелей өтсек, 2012 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасын іске асыру мақсатында Көкалат және Тәуіш ауылдарына су тұщыту қондырғысы орнатылды. Сондай-ақ, 2013 жылы Торғай ауылының беткі көздерінен алынатын сутартқыш қайта құрылымданып, іске қосылып, бірінші көтерілімдегі су сору және трансформатор станциялары жаңартылды.
Ақкөл, Қарасу, Ақшығанақ ауылдарына да игілікті бағдарлама аясында су тұшыту қондырғысы орнатылды. Жергілікті тұрғындарға су бір жерден ғана уақытылы беріліп отыр. 2014 жылы Саға ауылына да су тұщыту құрылғысы орнатылды.
Жалпы, Жангелдин ауданы бойынша 23 елді мекеннің 11-нде халық орталықтандырылған су көзімен қамтылған. Халық санымен шаққанда 82,8 пайыз, ал елді-мекендердегі халық саны бойынша 47,8, пайыз.
Су тұщыту қондырғысы орнатылған барлық ауылдар үйлерінің ішіне дейін су құбырын кіргізіп алып, жылы суға қолдарын малып отыр.
“Ақбұлақ” мемлекеттік бағдарламасы ақжолтай міндетін 2020 жылға дейін толық жүзеге асырады деген сенім бар.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы