Алаңқайдың бәрі автотұрақ емес, алайда…

Жыл басынан бері облыста, жол белгілері талаптарына байланысты, полицейлер 1079 ережебұзушылықты анықтаған.  Мұның 163-і – көліктердің тұраққа дұрыс қойылмауына қатысты. Әдетке айнала бастаған тәртіпке жат әрекетке тоқтау салу мақсатында, полицейлер қатаң бақылауды қолға алды.Рядом с рынком за знаком «Стоянка запрещена» припарковались сразу три автомобиля – «Газель», «Лада калина» и «Фольксваген поло»

-Көлік иелерінің бірқатары  жүргізушілік тәртіпті белден басуда. Автоларын жаяу жүргіншілер жолына (тротуар), гүлзарларға, балалар және спорт алаңдарына әкеліп тоғыта салады. Бұл, әрине, қала көшелерінде келеңсіздіктің туындауына себепші болмақ. Сондықтан жол-патрульдік полицейлері осындай тәртіпсіздіктің алдын алуға назар бөлуде,-дейді әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Юрий Панасенко.

Аялдамалардың алдына кесе-көлденең көлігін қоя салып, жөніне кететін жүргізушілер көп кездеседі. Жоқ жерден кептеліс тудыратын оларға қоғамдық көлік иелері «құлағын шуылдатқаннан» бөтен ештеңе істей алмайтын. Жүгенсіздерді жөнге салуға енді сақшылар мықтап кірісті. №42-ші автопатрульдің аға сержанты Азамат Сағындықовтың айтуынша, ережебұзушылықтар көбіне-көп  халық ұйысқан базарлар маңында, сауда кешендері төңірегінде кездеседі екен. Олар, тұтыла қалса, қарбалас-асығыспен жүріп, белгілерге мән бермегендіктерін айтып ақталғылары келетін көрінеді. Мұндай бұзушылықтар «Орталық базар» маңында өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шаралары барысында көп тіркелді.Полицейские дождались, пока водители автомобилей возвратятся с покупками с базара.

Мәселен, «Көлік қоюға тыйым салынады» деген белгінің түбіне келіп, бірден үш машина тұрақтапты: «Газел», «Лада Калина» және «Фольксваген Поло». Иелері полицейлерге белгіні көргендерін, тек уақытты үнемдеуге тырысқандарын алға тартқан. Тұрақтау тәртібін сақтамаған әрқайсысына әкімшілік жауапкершіліктен «сыбаға» үлестіріліпті. Енді олар, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеулері тиіс.

Мұндай айыппұлдар КЖБИ шағын ауданындағы Мирошниченко көшесінен де «иегерлерін тапты». Полицейлерге балалар алаңына қойылған 12 көліктің иелерін іздеуге, тосуға тура келді. Айыпкерлер төбе көрсеткенше, аула тұрғындары тәртіп сақшыларына мұның көз үйрене бастаған жайт екенін, балалардың көршілес аулаларға барып ойнауға мәжбүр екенін әңгімелеп беріпті.

Кейін қолға іліккен тәртіп бұзушылар көліктерін тек түскі ас уақытында осы алаңға қоятынын, кешке тиісті тұраққа апаратынын айтып ақталған. Алайда оларға кінә айыппұл төлеу жолымен ғана жуып-шайылатыны түсіндіріліп, бір асығыс қозғалыс бір баланың өміріне татуы мүмкін екендігі естеріне салынды.Полицейский попросил нарушителей убрать автомобили с зоны правонарушения

Ережелерді елемей, жүргізушілік мәдениетке селсоқ қарағандарды тәртіптің тезіне салған дұрыс-ақ. Дей тұрғанмен, мәселенің екінші ұшы тағы бар. Бәрі көзайым болып отырғандай, бір ғана облыс орталығында көліктер күн санап көбейіп жатыр. Үкімет тарапынан автоға деген қолжетімділіктің оңтайланғанын сөзге өзек етейік. Оған іргелес Ресейден тасылған алуан түрлі темір тұлпарларды қосыңыз. Демек, автомобильдің жыл ішіндегі өсім санын мың-мыңдап санауымызға болады. Ал, көліктердің көбеюіне байланысты инфрақұрылым жаңғыртылды ма? Негізінде, жол ернеулерінде, үй аулаларында, қосымша автотұрақтар ашу ісі қолға алынуы керек-ті. Алайда, өкінішке қарай, осынау түйткіл төңірегінен «тіршілік белгісі» сезілмейді.

Тағы да, нөпір халық ұйысқан жерлерде жол белгілеріне қатысты тәртіптің бұзылуын қисынға сиятын жайт деп те санауға болатындай. Мәселен, аз уақытқа сауда жасауға келген әлдебір тұлға санаулы ғана тұрақтың толассыз көліктен босағанын күтіп тұрғысы жоқ. Нәтижесінде, бағана айтып кеткеніміздей, «уақыт үнемдегім келді» деген уәжіне тәртіп сақшылары пысқырмайды. Заңның аты – заң: 15 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелмек… Ал, кешкі ақылы автотұрақтарға көбінің бүйрегі бұра бермейді. Әлдекімнің қалтасы жұқа (бір түн – 300 теңге), екінші біреу мұндай тұрақтардың «көліктегі мүліктердің жоғалуына әкімшілік жауап бермейді» десінен ат-тонын ала қашады. Бұл да, айналып келгенде, темір тұлпарлардың аулаларда лықсып тұруының бірден-бір себебі болса керек.

Осынау мәселе төңірегінде көлік иелерінің арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Көбісі: «…Егер тұраққа қатысты ереже бұзушылықтардың азайғанын қаласа, көше жолдарының жиегіндегі көлік тұрақтарын көбейтсін. Егер машинамызды қояр бос орын таппасақ қайтеміз? Әйтпесе, айыппұлға қалтасын қақтыруды қай жүргізуші ұнатсын?..»- деп, наздарын білдіп жатты. 

 

Жандос Жүсіпбек

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓