Аға сержант қызметін асыра пайдаланған
Қостанай қаласының №2 соты жол-патрульдік полициясы батальоны бөлімінің командирі, аға сержант А.Дробзякоға бүгін үкім кесті. Қызметін асыра пайдаланды деп айыпталған 1989 жылғы қызметкер ҚР КҚ 307, 362 баптарына сай жазасын өтейді. Бұл жайлы мәліметті Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Іс материалдарына сүйенсек, бұл қылмыс былтыр жасалған. Тарқатып айтқанда, Дробязко өткен жылдың желтоқсан айында, таң мезгілінде Қостанай қаласындағы Западный көшесінде «ВАЗ 2101» маркалы көлікті тоқтатады. Рөлдегі Т-дан жүргізуші куәлігін талап етеді. Алайда жүргізуші, көлігінен шықпаған күйі, куәлікті негізсіз көрсетуден бас тартқан. Екеуара тартыс ушығып, кейін көліктегі И. есімді жолаушы тысқа шығып, тәртіп сақшысына машинаны неліктен тоқтатқанын түсіндіруді талап етеді. Арадағы әңгіме дөрекілікке ұласса керек. Кейін жолаушылар орынды-орнына жайғасып, жөндеріне кетуге оқталады.
Сол мезетте Дробязко, намысқа салса керек, әлгі жолаушыны, есікті күштеп ашу арқылы, жағасынан жұлқылап тысқа алып шыққан. Ашуға ерік берген ол И есімді азаматтың кеуде тұсынан, оң жақ көзінен жұдырықпен ұрып жібереді. Жерге құлаған жәбірленушіні аға сержант жалма-жан қайта тұрғызып алып, «УАЗ» маркалы автопатрульдік машинаның бортына басын соққылаған. Бұл көлік Дробязконың шақыртуымен келіп жеткен беті болатын.
Кейін келе қылмысынан жалтарғысы келген тәртіп сақшысы оқиғаны әділет органдарына жеткізбей шешуге әрекеттенген. Яғни «ВАЗ 2101» маркалы көлігінің иесінде жүргізуші куәлігінің жоқ екендігін пайдаланып, оның ережебұзушылыққа жол бергенін айтып, ауызша келісім-шарт жасасуды ұсыныпты. Алайда жәбірленген жолаушы мұны жылы жаба салуды, кеш те болса, жөнсіз деп таныған.
Сот үкімімен айыпталушы Александр Леонидович Дробязко 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол бұдан былай құқық қорғау органдарына қызметке алынбайды. Жазасын жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде өтемек. Әзірше шығарылған үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жандос Жүсіпбек