Пешков ауылында – жаңа дәрігерлік амбулатория
Соңғы жылдары өңіріміздің ауылды жерлерінде 16 дәрігерлік нысан бой көтерген. Соның ішінде 3700 тұрғынды қамтитын Федоров ауданының Пешков елдімекені де осындай медициналық нысанға зәру болып келді. Кеңес заманынан келе жатқан бұрынғы шағын емдеу орны тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде жабылып қалған. Ауыл дәрігерлері содан бері ғимараттан-ғимаратқа көшумен келіпті. Енді міне, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен қаржыландырылған, тәулігіне 25 адамды қабылдай алатын жаңа ғимарат халықтың игілігіне беріліп отыр.
Дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұралы Садуақасов осындай әлеуметтік нысандардың қалалар мен аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде салынып жатқаны өте маңызды екенін атап өтті:
– Соңғы жылдарда біз тірек елдімекендердің дамуына зор көңіл бөліп отырмыз. Пешков ауылының кейінгі уақытта мәдениет үйі қалпына келтірілді. Зәулім шіркеу салынды. Ауыл ішін көріктендіру жұмыстары да мардымды. Қазіргі таңда ауданды көгілдір отынмен қамту жұмысы жалғасын тауып келеді. Демек табиғи газ көп кешікпей сіздерге де жеткелі тұр. Ал бүгін тағы да сіздермен қуанышты сәтте жолығып тұрмыз.
Нұралы Садуақасов мекеме басшылығына қызметтік көліктің кілтін табыстады. Аумағы 330 шаршы метрлік жаңа ғимараттың ішін аралап, қызметкерлермен жүздесті, жабдықтарымен танысты. Нысанның жеке қазандықтан жылытылатынын айта кеткен жөн. Ал күндізгі стационарға арналған он кереует бар. Кіре берістегі тіркеу орнынан бастап, диагностика, зертхана жұмыс істеп тұр. 17 адам халыққа қызмет етеді.
Жадыра Әбішова – жаңа дәрігерлік амбулаториядағы жас мейірбике. 2011 жылы оқуын бітіріп, Пешков ауылдық округіне жұмысқа келген екен. Осында отбасын құрып, нәрестелі болыпты.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша көтермеақы алдым. Бүгінгі күнге дейін селолық әкімдіктің бір бөлігінде орналасқан дәрігерлік орында жұмыс істеп келдік. Енді жаңа, кең әрі жарық ғимаратта отыратын боламыз, – дейді Жадыра.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.