Күзгі орақ әзірлігі қазірден басталу керек
Аймағымыздың Қостанай, Федоров, Қарабалық диқандарының көктемгі науқан барысымен танысуға барған өңір басшысы Нұралы Садуақасов осылай деді.
– Біз былтырғы күздегідей жағдайға тап болмау үшін бар күшімізді салайық. Соңғы күндері ауа-райы біздер үшін қолайлы болып тұр. Осыны тиімді пайдаланыңыздар. Күзгі орақ науқанына техниканы бүгіннен бастап сайлап, жанармай қорын жинап алыңыздар. Себебі, АИ-92 маркалы бензин қымбаттады. Дизель отыны бағасының көтерілмейтініне кім кепіл?
2 маусымға келіп жеткен есеп бойынша аймағымызда егістіктің 65%-на тұқым себілді. Алайда барлық өңірлерде бұл көрсеткіш бірдей емес. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, оңтүстік аудандар 80, ал солтүстіктің диқандарының қарқыны 50%-дан енді ғана асса, соның ішінде, әсіресе, Жаркөл өңіріндегі көрсеткіш 40% құрап отыр. Ал Сарыкөл ауданы 35%-ға енді жеткен. Бұл аталған аудандардағы жұмыс қарқынының төмендігі деген сөз емес, керісінше, топырақ ылғалдығының молығынан болған құбылыс. Бір-бірімен жалғасып жатқан Қостанай, Федоров, Қарабалық өңірлеріне ылғал біркелкі түспеген. Мәселен, Қарабалық топырағының ылғалдығы 82 мм құрайды. Ал көршілес Федоров жеріне сәуір айының үшінші онкүндігінен бері 156 мм, яғни, орташа жартыжылдық жауын-шашын түскен. Аудан әкімі Қайрат Ахметов мамырдың соңғы күндерінен бері тұқым себу қарқынының артып, қазір тәулігіне 20 мың га көрсеткішке жеткенін айтты. Күн көзі ашық тұрса, бір аптада науқан аяқталады.
Облыс әкімі бұған бола дабыл көтерудің қажеті жоғын айтты. Себебі бұл өңірлер бидаймен қатар, майлы дақылдар, мал азығын дайындауға қолайлы. Мәселен, егістік көлемінің 40%-ын мал азығы құрайтын Қостанай ауданына қарасты «К.Маркс» ЖШС үшін көктемгі егістік аса қиындық тудырмайды – айдың 4-5-не дейін бидай, одан кейін қалған дақылдарды егуге уақыт жеткілікті. Ал «Светлый Жаркөл» ЖШС 7 мың га алқаптың 70%-на бидай, қалғанына майлы дақыл өсіріп келеді. Серіктестік директоры Алмат Естаев өткен жылдың күзіндегі жауын-шашын ораққа кедергі келтіргенмен, серіктестік астықты жинап үлгерді дейді. Жас кәсіпкер биылғы жылдан үлкен үміт күтеді.
– Ылғал жеткілікті. Егістікті бір-екі күнге кешігіп бастасақ та, күзгі орақ науқанына дайындығымыз тыңғылықты болу керек. Айталық, ауыл шаруашылығы саласында ерте пісетін дақылдарды себуді кейінге қалдырып, кеш жетілетіндерді алдымен егетін әдістері бар. Ендігі жерде ауа-райы құрғақ болса, осы аптаның аяғына дейін науқанды аяқтамақпыз.
Айтпақшы, осындай көрсеткіштерге қарамастан, Қостанай ауданында биыл ірі қара мал басы кеміген. Нұралы Садуақасов селолық аудан басшылығына, аймақ әкімдеріне осы салада жұмысты күшейтуді тапсырды.
Аймақ басшысы өткен жылы несие алып, күзде шығынға батқан бірқатар шаруашылықтың мемлекет қолдауы арқылы жағдайының шешілгенін жеткізді. Алайда үстіміздегі жылы шаруалар несие алу кезінде ондай тәуекелге бармаған жөн. Себебі, банктер биыл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда, несиелеуді 35%-ға азайтыпты. Қазір әр облыста бірыңғай астық одағы құрылуда. Нұралы Садуақасов шағын және орта бизнес субъектілерін аталған ұйымға кіруге кеңес берді:
– Қазір көктемгі науқанға несие ала алмай жүрміз деген серіктестік жетекшілері аз емес. Алайда біз аталған шаруашылықтардың мәселесін көтере келгенде, олардың бұған дейінгі жылдарда несиесін қайтара алмай немесе кешіктергені анықталып жатады. Диқандардың көбі осыдан барып түрлі кедергі, түйткілдерге тап болуда. Үкімет басшысы осы мәселе жөнінде селекторлық жиын өткізді. Бұл мәселе жан-жақты қаралуда. Дегенмен, әрбір шаруашылық мемлекеттен жеңілдіктер болады екен деп жүре беруге болмайды. Алдымен өз күштеріңізге сенулеріңіз керек.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ