Жиналысты жиілетті
1 шілдеге бір айдан аз уақыт қалды. Оған дейін заңның талабы бойынша ПИК немесе ПИТК сияқты қандай да бір нысандағы басқа басқарушы компаниялар жабылып үлгеруі тиіс. Ал меншік иелері бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) ашуы керек.
ӨКҚ алаңындағы кезекті брифинг осы тақырыпқа арналды.
Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі «Менің үйім» қауымдастығымен және «Қостанай Қамқор» қауымдастығымен бірлесіп, тұрғындармен жиналыс өткізуді жиілеткен. Меншік иелеріне көмек көрсету үшін штаб ұйымдастырылды.
Өткен аптада аулаларда 47 үйдің ауласында жиын өткізілген. Соның нәтижесінде 18 үй МИБ ашу туралы шешімге келіп отыр. Сонымен қатар, қазір 17 ЖС сауалнама парақтарын жинап, құжаттарын дайындап қойған, тіркеу ғана қалды. Ал қалғандары нақты шешімін әлі қабылдамаған.
Бүгінге дейін Қостанай қаласында 85 МИБ, 17 ЖС құрылды.
«Бұрын мұндай ынта-жігермен жүргізілмеген жұмыс қазір жақсарып, қарқын алып келеді. Биыл 1 шілдеде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы толық күшіне енеді. Біздің бөлім осы заңның сақталуын бақылауда ұстап, халыққа жаңалықты түсіндіруден талмай еңбек етіп жүр», – деді Қостанай қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй қатынастары бөлімінің маманы Сайлау Асылбаев.
Ал мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысындағы артықшылық турасында жаңа құрылымдардың төрағалары баяндады.
«Кейбір кооперативтер жұртшылықты адастырып жатыр. Олар серіктестік ашып, әрі қарай қызмет көрсете береміз деп алдайды. Құжаттарына қол қойдырып алып жүр. Бұл дегеніңіз – заңсыздық. Солайша, ПИТК қызметкерлері үгіт-насихат жұмысына кедергі келтіріп, МИБ ашу ісін баяулатып жатыр. Ал бірлестіктің пайдасын түсінген адамдар оны құруға білек сыбана кірісіп кетті. Өйткені, жарнамыздың қайда жұмсалып жатқанын өзіміз біліп отырамыз», – деді «Гагарин 14» МИБ төрағасы Наталья Медведева.