«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз…»

Балалардың жазғы демалысы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылатын болады. Алдын ала жасалып отырған жан-жақты даярлықтар – соның дәлелі. Балдырғандар биыл 3 ауқымды демалыс базасында уақыттарын көңілді өткізбек. лагерьБірі – С.Бәкіров атындағы демалыс базасы. Мұнда облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері 15-маусымнан тамыз айына дейін демалады. Екіншісі – «Светофор» сауықтыру алаңы. Бұл қалалық және өзге облыстардан келген балаларға, «Арман жол» ЖШС демеушілігімен, есігін айқара ашпақ. «Светофор» жаз бойы кішкентай демалушыларды 4 маусыммен қабылдайды. Ал, үшіншісі – Алтынсарин ауданына қарасты Шербаков ауылының іргесіндегі «Сосновый бор» шипажайы. Мұнда да жеткіншектер жаз айларын естерінде қаларлықтай өткізбек. Оған мейлінше мүмкіндіктер жасалулы.
Өткен айда Қостанай қаласының тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы аталған лагерьлер жетекшілерінің басын қосып, семинар өткізген-ді. Жиында демалыс маусымына жасалған дайындықтың қаншалық тиянақты екендігі бағамдалды. Олқылыққа орын жоқ. Бәрі тәртіп-талаптың үдесінен шығуы тиіс. Тапсырмалар жүктеліп, ұсыныс-тілектер ортаға тасталды.
Мұнан соң демалыс базаларының әрқайсысына арнайы тексеріс те жүргізілді. Ғимараттардың асүйінен бастап, жатын бөлмелеріне дейін комиссияның сүзгісінен өтті. Мақсат – кішкентай меймандардың денсаулығына зиян әкелетін жайттардың пайда болмауын қамдау.  
-Мұндай тексеріс балдырғандар келерден күн бұрын тағы да жүргізіледі. Әсіресе, «Светофор» және С.Бәкіров атындағы демалыс базалары жіті бақылауда ұсталмақ. Санитарлық талаптардың сақталуы демалушылардың әр легі келер алдында қадағаланып отырады,-дейді қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы бастығының орынбасары Зәуре Елшібаева.
 
Жандос Жүсіпбек 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓