«Қайрат» жеңіске жетті
Қазақстан Кубогының 1/2 финалдық ойындарының алғашқы кездесуін өз алаңында өткізген Қостанайдың «Тобылы» Алматының «Қайратынан» 0:3 есебімен ұтылды.
Матчтың 14-ші минутында қонақтардың есеп ашатын мүмкіндігі болған. «Тобылдың қорғаушысы А.Климявичуч өз айып алаңында Ж.Гоуды шалып құлатты. Төреші сол жерден пенальти белгілеген. Бірақ, Жерар Гоу өзіне берілген мүмкіндікті сәтті пайдалана алмады. Алайда, арада бес минут өткенде әлгі Ж.Гоу Александр Петуховтан бәрібір айласын асырды. Михаил Бакаевтан пас алған алматылық футболшы «Тобыл» қақпасын дәл көздеп, командасын алға шығарды. Қос қарсылас арасындағы бірінші тайм осындай есеппен аяқталды.
Екінші таймда жерлестеріміз қанша тырысқанымен ойынды ширата алмады. 60 минутта Риераның бағыттаған добын қақшып алған Бауыржан Исламхан таблодағы есепті еселеді. 2:0. Ал 76 минутта Исаэл матч тағдырын біржола шешіп берді. Қортынды есеп 0:3. Енді қарымта кездесу 23 қыркүйек күні Алматыда өтетін болады. Жартылай финалға жолдама алған «Ақтөбе» мен «Астана» арасындағы кездесуде қонақтардың пайдасына шешілді . Есеп 0:2.
Айбек КӘДІРҰЛЫ