Ұрпаққа ұлағат
Жампоз азамат, білікті ұстаз Сағындық Досмағамбетов – 75 жаста
Білікті мұғалім жиған білімімен емес, елдің атын шығарған шәкіртімен мақтанады. Қостанай өңірі осындай дарынды ұстаздарға кенде емес. Ыбырай, Спандияр аталарының өнегелі жолын жалғастырған Сағындық Досмағамбетовты қазіргі заманның абызы десек, артық айтқандық емес.
Саналы ғұмырын Әулиекөл ауданының гүлдеуіне арнаған, өңірдегі қара шаңырақ – Ш.Уәлиханов орта мектебінен талай талантты шәкірт тәрбиелеген, ел ісіне араласып, мемлекеттік қызметті адал атқарған ағамызды қалың ел біледі. Әулие қонған елдің құрметті азаматы әрі Шоқан атындағы білім ордасының құрметті ұстазы, ақын Сағындық Қажымағамбетұлы биылғы мамыр айында 75 жасқа толып отыр. Аймағымыз бен республикамыздағы барша замандастары, ақын, ғалым, басшы шәкірттерімен бірге, біз де ұстазды мерейтойымен құттықтап, ғибратқа толы әңгімесіне қанып келдік.
Тектілік бар тегінде
Досмағамбет әулетінің ата-бабаларының байырғы қонысы – Торғай өңірі, атақты Шақшақ Жәнібек мекен еткен Тосын жері. Сағындықтың әкесі Қажымағамбет ескіше оқыған, көзі ашық адам болыпты. Кеңес үкіметі оларды "байдың тұқымы" деген желеумен біраз қудалауға салады. 1927 жылы түртпектен аулақ жүру үшін Сырдың бойына кетіп қалып, 1935 жылы қудалау басылған шығар деп, қазіргі Таран ауданының жеріне көшіп келеді. Осы жерде Қажымағамбет үш қыздан соң сегіз жылдан кейін туған ұлына Сағынтай, ал одан кейінгі ер балаға Сағындық деп ат қойыпты. Бұл әулет Таранға келгеннен кейін де тыныштық таппайды – "байдың тұқымдары" деп ел маза бермей қойған соң, Жітіқара жаққа көшіп кетеді. Ондағы мақсат – Ресейге өтіп кетіп, бір тынышталу. Бірақ 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады да, Қажымағамбет пен оның інісі Асқар май- данға алынып, сол бойы із-тозсыз кетеді. Үйде қалған анасы соғыс жылдарында сиыр сауып жүріп, балаларды асырады. 1945 жылы соғыс аяқталып, майдангерлерден хабар болмағасын, ауыл оларды өлдіге санайды. Тек 1946 жылы соғыстан алдымен Асқар, ал одан үш күннен кейін Қажекеңнің өзі аман-есен оралған.
– 1948 жылға дейін осы Әулиекөл ауданында тұрдық. Әкем "егер соғыстан аман оралсам, аталарымыздың өрісі болған Торғай жаққа барып тұрамын" деп уәде еткен екен. Сөйтіп, бес жыл Торғайда тұрып, 1953 жылы әкемнің жұмыс бабымен Әулиекөл жеріне көшіп келдік. Ата-анам осы жерде қалған ғұмырларын жасап, дүниеден өтті. Мен 6-шы сыныптан бастап Әулиекөлде оқыдым. Біз еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Шайсұлтан Шаяхметов бас-таған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалым-ака-демиктер білім алған ордадан түлеп ұштық. Мен үшін сынып жетекшім Қазымбек Спанов – Ыбырай Алтынсарин, сабақ беру тәсілі, бағаны әділ қоюы, өзін-өзі ұстауы үлгі болған Мейрам Мұхамеджанов – Шоқан, ақындыққа баулыған Кенжеғали Батырбеков – Ұлы Абай секілді болды. Осы адамдарға қарыздармын, – дейді сол күндерді есіне алған мерейтой иесі.
"Жігітке жеті өнер де – аз"
Сағындық 1958 жылы орта мектепті аяқтап, Ташкент-тегі қаржы-экономикалық институтына оқуға емтихан тапсыруға барады. Мектепте неміс тілі толық өтпеген-діктен, институт емтиханын тапсырарда сол шет тілі алдынан шығады. Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне емтихан тапсырып, сонда оқуға қабылданады. 1963 жылы оқуын тәмамдап, өзі аяқтаған мектебіне мұғалім болып оралады. 15 жыл бойы ұстаз, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін мінсіз атқарды. Оқу ісінің озаты атанып, аудан атынан бүкілодақтық мұғалімдер құрылтайына, бүкілодақтық физиктер конференциясына делегат болып қатысқан кездері есінде.
Мерейтой иесі жас кезінен шаңғы, суда жүзу, теннис, волейбол, шахмат ойындарына үйір болды. Тіпті, шаңғы, шахматтан бірнеше рет алдына жан салмаған. Спортқа бейім болғанының арқасы – 9 сыныпта оқып жүргенінде суға батып бара жатқан қыз баланы аман алып қалған және 29 жасында мектеп бітіріп жатқан жігітті судан құтқарған.
Сондай-ақ Әулиекөлде алғаш ұлт аспаптар ансамблін құрған – Сағындық Досмағамбетов. Он жасында Тор-ғайдағы атақты Әбіқайдың Ахметқанының бес жасар баласынан домбыра үйренген ол институтта оқып жүргенде студенттер оркестріне қатысып, 1961 жылы Алматыға сапарлап келген Н.Хрущевтың алдында күй ойнаған. Аудандық ақындар айтысына қатысып, бірнеше рет жеңген ағамыздың да мақтан тұтар шәкірттері жоқ емес – Қазақстанның Халық ақыны Әсия Беркенова ол кісі негізін қалаған үйірмеге қатысуды бастап, кейін үлкен өнер жолына кетті.
– Демалыс күндері оқушылар ансамблін алып, ауылдарға барамыз. Алпысыншы жылдардың ортасында қай оңды көлік бар дейсің, ескі "УАЗ"-ға мініп, сенбі, жексенбі күндері гастрольге шығып, үйге түнделетіп келетін уақыттар болды. Ал келесі күні сабақ. Сонда кеше күні бойы концертке шығып шаршап келген оқушымнан таңертең міндетті түрде сабақ сұраймын. Жаттамаған болса – "екі". Себебі, тапсырма орындау – әр оқушының міндеті. Тіпті, туыстарымның балаларына да төмен баға қоятынмын, себебі, басқа балалар өз жақынын аямаған мұғалімнен қаймығып тұрады.
Өнегелі ұстаз бүгінгі жас мұғалімдерге осындай әділ болғанын, қандай жұмыс атқарса да, адал жүрсе деген ақылын айтады.
Туған жерге ту тіккен
– 1978 жылдан бастап аудандық партия комитетінің шақыртуымен ұйымдастыру бөлімінде 12 жыл қызмет еттім. Екі-үш жыл аудандық газетте редактор да болдым. Ол да бір естен кетпейтін тарих, – дейді Сағындық ағай, – Ауданымыздың бірінші хатшысы болған Социалистік Еңбек Ері Қабидолла Тұрғынбаев редактор етіп тағайындады. "Аға, менің мамандығым журналист емес, физика-математика саласы" дегеніме, "мен сенің қайда оқығаныңды білмейді деймісің, қолыңнан келетін жұмыс, бар күшіңді сал" деп жігерімді қайрағанын ұмытпаймын. Әйтеуір, бала кезден ақындығым бар, баспасөзде жүріп, мақала жазуды үйрендім. Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін, аудандық ішкі саясат, көші-қон бөлімінің бастығы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқардым.
Сағындық Қажымағамбетұлы 1997 жылдың аяғында құрметті зейнет демалысына шыққанымен, аудан басшыларының шақыртуымен 11 жыл бойы кеңесші қызметінде болды. Міне, осы аралықта ағамыздың бастамасымен Әулиекөл топырағында талай игі шаралар қолға алынды. Бұл өңірде шамамен 1745-1800 жылдары Мүсіреп есімді әулие өткен екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Семиозер ауданын бірден Әулиекөл деп атауға билік басындағылардың жүрегі дауаламапты. Тек 1997 жылы ақсақалдар хат жаза жүріп, байырғы атауды қайтарып алған. Сол әулие Мүсіреп аудан орталығына жерленген, қазір оның басына белгі орнатылды. Сондай-ақ, өткен ғасырдың нәубет жылдарында қуғын-сүргінге ұшырағандарға да белгі қойылды. Әйгілі Қабидолла Тұрғынбаевқа бюст орнатылды. Бұл да Сағындық Досмағамбетов қатарлы ел ақсақалдарының табандылығы. Ал аудан орталығындағы көше атауларын өзгерту, қасиетті жеті көлді қорғауға алу туралы белсенділігі де ерлікке татиды.
– Әулиекөл селосында 75 көше бар болса, оның оншақтысы ғана өзіміздің ұлы тұлғаларымыздың атымен аталады. Он-он бес үйі бар Абай, Жамбыл, үш-төрт үйі бар М.Әуезов, адам аяғы бармайтын Аманкелді көшелерін келген адамға көрсету ұят. Осы туралы талай әкімдерге айттық. Кезінде газет редакторы болып жүргенде, "Қазақ тілі" қоғамын басқардым, онда да бұл мәселені көтердік. Кейін орталық көшелерді А.Байтұрсынұлына, Ы.Алтынсаринге алып бердік. Енді ескіден келе жатқан Рабочая, Энергетик, Северная, Восточная, Грибоедов, Пролетар көшелерін Шақшақ Жәнібек тархан, Түркістанда жерленген атақты Қарабалуан – Жан-ұзақ Алдиярұлы бабамыз, Әулиекөлде алғаш мектеп, аурухана салған Тоқажанның Мұқашы, мемлекет және қоғам қайраткері Ерік Асанбаевқа, одан бөлек Астана, Бәйтерек атауларын беру туралы ұсынысымызды қазіргі аудан басшысы Амантай Балғарин толық қолдап отыр, – дейді Сағындық ағай.
Аудан орталығындағы қасиетті жеті көлдің кейбіріне Кеңес үкіметі тұсында Камышовый, Комсомол, Пожарный, Учительский, Озерный деп орысша атаулар беріліп кеткен екен. Қызығы сол, бір-бірінен бөлек орналасқан жеті көлдің суы жердің астында бірігіп жатыр деген әңгіме бар. Бұрын түрлі дертке ұшыраған науқастар көлдерге келіп емделеді екен. Қазір ол су қасиетін жоғалтыпты. Дегенмен, елімізде жеті көлі бар аудан орталығы жоқ. Ал біздегі көлдердің біреуін де халық пайдалана алмай отыр. Сағындық ағай кезінде Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген мектеп қасында болған Мұғалімдер көлін ел суға шомылатын, дем алатын орынға айналдырсақ, жағалауына құм төгіп, арнайы орындар жасаттырып, суға қайықтар салсақ деп биліктегі азаматтарға ұсыныс жеткізіп жатқанын айтады.
Өрелі өнеге
Бүгінде алты бала мен он немереден екі шөбере көріп отырған Сағындық ағай тәуелсіздігімізге мың шүкіршілік айтады. Қазақ көшінің қайта жанданып, бетін бері бұрғанына бір адамдай қуанып отыр.
Жасынан тілге бай, ақындығымен танылған мерейтой иесі "Жасай бер, Әулиекөл!" деген атпен ауданның әнұранын жазды. Жазушылығы бір төбе – осыдан бірнеше жыл бұрын облысымызда Бейімбет Майлин атындағы сыйлықтың иегері атанды. Ел автордың "Сөйле десең, сөйлейін" деген атпен шыққан өзінің ой-толғам, өлеңдерінің топтамасы мен Әулиекөл ауданының тарихы туралы "Слово о Родине" кітабын жазған үш адамның біреуі екенін мақтан тұтады.
Бүгінде елге танымал Халық ақыны Әсия Беркенова, ғалым, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ проректоры Дүйсенбай Сейітқазинов бастаған шәкірттерімен жиі бас қосады. Ал Әулиекөлдегі Шоқан атындағы қара шаңырақ – Сағындық ағайдың екінші үйіне айналды. Биыл ғана пайдалануға берілген жаңа ғимараттағы білім ордасының мұғалімдері мен жүздеген оқушысы алыс-жақынға хабар беріп, мерейтой иесіне арнап кездесулер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырып жатыр.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.