ҰБТ басталды
2015 жылғы 2 маусымда еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Біздің облысымызда мектеп бітіруші оқушылар 3 маусым күні тапсырады. Үстіміздегі жылғы республикамызда мектеп бітіретін 120 мың түлектің сексен жеті мыңнан астамы емтиханға қатысады деп жоспарланған, пайызға шаққанда жалпы түлектер санының 71 пайызы. Олардың ішінде қазақ тілді оқушылар саны – 62 мыңнан асады, ал 25 мыңы – орыс тілді. Оқушылардың қолайлы жағдайда емтихан тапсыруы үшін қосымша тағы да он тестілеу пункті ашылды.
Астана қаласының тест тапсыру пунктерінің бірінде болған ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов тестілеу тапсыратын түлектерге сәттілік тіледі.
-Жыл сайын ҰБТ-ға бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Биыл да шамамен осындай қаржы бөлінді. Биыл ҰБТ біраз өзгерістер болды. ҰБТ мен аттестаттың жылдық орташа бағасын есептейтін боламыз. Сынақ нәтижелерін сайттан ЖСН арқылы білуге болады,- деді министр.
Білім министрінің айтуынша, ҰБТ сұрақтарының жиырма мыңы жаңартылды, оның басым бөлігі логикалық сұрақтар. 2016 жылы ҰБТ-ға фукционалдық сауаттылықты анықтау мақсатында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша тапсырмалар енгізілетін болады.
Айта кету керек, биыл 12 жылдық оқу бағдарламасымен мектеп бітірген оқушылар алғаш рет ҰБТ-ға қатысады. Түлектерге үлкен өмірге жолдама беретін Ұлттық бірыңғай тест 2-8 маусым аралығында өтеді.
Гүлназым САҒИТОВА