Жұмыс ырғақты жүріп жатыр
Көктемгі тұқым себу жұмыстары 51 пайызға орындалды. Былтырғы осы уақытпен салыстырғанда бұл әрине, көңіл көншітпейді. Өткен жылы дәл осы мезгілде барлық егістік алқабының 89 пайызыа дән сіңірілген-ді.
Әзірге шаруалар күніне 280-300 мың гектар алқапқа дән сіңіріп үлгеруде. Егер ауа-райы осылай тұрса, онда енді үш-төрт күн шамасында дала жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Бүгінде Жанкелдин, Аманкелді, Қамысты, Жітіқара аудандарында егін егу науқаны 70%-ға орындалған. Ал Сарыкөл, Федоров, Ұзынкөл тәрізді солтүстік-шығыс өңірлерде барлық атқарылған шаруалар 30 пайызға тең. Кешегі жауған телегей-теңіз нөсердің салдарынан бұл аудандарда ылғал өте мол түскен. «Мұның пайдасы да бар. Биылғы астық шығымы жаман бола қоймас деп отырмыз. Мен осыған дейін облыстың алты ауданын аралап шықтым. Ол жақтарда егіс жұмыстары қалыпты жағдайда жүргізіліп жатыр. Жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер, тұқым жеткілікті. Дегенмен, уақытты ұттырмау керек,-деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Аймақ басшысы сондай-ақ мал азығын ертерек әзірлеп алу қажеттігін алға тартты. «Биыл кемінде екі жылдық қор жасап алуымыз қажет. Өйткені, жылда мұндай мүмкіндік бола бермесі анық»-деп атап көрсетті ол.
Айбек КӘДІРҰЛЫ