Электронды паспорт жасалды
Қостанай емханаларында электрондық амбулаториялық карталар жасалып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Абат Жауков айтып берді.
Бүгінде облыстағы барлық емдеу мекемелерінің 90,9 пайызы компьютермен жарақталған. Өткен жылы медициналық ұйымдар 429 компьютерлік технологиялармен қамтылса, биыл бұл мақсатқа 387,9 млн теңге бөлініп отыр.
Цифрландыру жүйесінің арқасында пациенттер үйден шықпай-ақ рецептті, дәрігер кеңесін, анықтаманы, дәрігердің қабылдауынан кейінгі қорытындыны ала алады. Жалпы, жаңа жүйе еліміз бойынша төрт облыста – Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ республикалық деңгейдегі бірқатар ұйымдарда пилоттық жоба ретінде жүргізіліп жатыр. Ал, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина ұйымдары медициналық құжаттаманы қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшетін болады.
– Цифрландыру аясында қағазсыз айналымға көшу жүргізіліп жатыр. Келер жылдан бастап электрондық амбулаториялық карталар, аурулардың электрондық тарихы және электрондық рецептілердің көшірмесі сияқты құжаттарды қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшетін боламыз. Сондай-ақ, тұрғындардың мобильдік қосымша арқылы дәрігерді шақыртып, қабылдауына жазылуға мүмкіндіктері бар, – деді Абат Жауков брифинг барысында.
Денсаулық басқармасының мәліметінше, облыста 639 мың электронды паспорт жасалды. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады.