Кәсіпкерлік – экономиканының қозғаушы күші
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 1 тоқсандағы қорытындысы жарияланды. Сондай-ақ, саланың алдағы келешегі мен жоспарлары талқыланды. Облыстық индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Мейрам Сөкітбаевтың баяндағанындай, өңірде бүгінгі күні барлығы 62,8 мың шағын және орта бизнес субьектілері тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100,3%-ға тең. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында белсенді жұмыс істеп жатқандардың саны 1000 тұрғынға шаққанда 71 адамнан келеді. Яғни, бұл үстіміздегі жылдың басынан бері облыста 145,8 мың адам шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады деген сөз.
Мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктерінің арқасында Тобыл өңіріндегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қарқын ала түскен. Жаңадан бірқатар жұмыс орындары ашылды. Бюджетке түскен салық мөлшері де осыны айғақтайды. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы-2020» тәрізді ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалардың көмегі орасан. Мәселен, 2015 жылы ғана аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облысқа 1,5 млрд.теңге көлемінде трансферт бөлінді. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бизестің жол картасына» 2012-2020 жылдары моноқалаларды дамыту бағдарламасының бір бөлігі енгізілгеннен кейін аталған сом 164,7 млн.теңгеге ұлғайды. Оның үстіне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалы арқылы 14 бағдарлапма жүзеге асқан. Бұған қордың есебінен 12.9 млрд. теңгеге бағаланған 184 несие берілді.Бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда 48,7 %-ға көп. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген кәсіпкерлер бүгінде өз бизнестерінің жемісін көріп отыр. Әсіресе, өткен жылы Қостанай, Рудный қалалары мен Жітіқара, Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарының кәсіпкерлері бұл салада ілкімділік танытып, қатарынан бірнеше жобаны ел кәдесіне асырып үлгерген. Таран және Денисов аудандарының кәсіпкерлері де бір-бір жобаны іске қосты. Ал қалған аудандар мен Арқалық қаласынан биылдыққа бірде-бір жоба ұсынылмапты.
-Отандық кәсіпкерлік ұлттық экономиканың қозғаушы күші болуы тиіс. Экономикалық өсімнің жаңа бағыттарын анықтау, шағын және орта кәсіпкерлікті ұзақ мерзімді дамытудың келешегі үшін маңызды шешімдер қабылдануы керек. Бүгінде етек алған әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан еліміздің экономикалық әлеуетін ұлғайту және экспортты дамыту мақсатында оңтайлы инвестициялық мүмкіндік жасалып отыр,-деп атап көрсетті облыс басшысы Нұралы Садуақасов.-Сондықтан, бұған мейлінше мән беріп, қолдан келгенше кәсіпкерлік саласын жандандыра беруіміз қажет.
Айбек КӘДІРҰЛЫ