Қадырбек елдің қадірлісі еді
Қостанайдағы №1-ші балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне Қадырбек Оспановтың есімі беріліп, ғимарат қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Осыған байланысты аты аталған спорт мектебінің жанында салтанатты жиын болып өтті.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралы Садуақасов сөз алды:
-Бүгін біздің бәріміз үшін ерекше күн. Қадырбек Бұзауғалиұлы облыс спортына айрықша еңбек сіңірді.Осындай жарқын жүзді азаматтың ортамыздан кетккеніне 10 жыл болыпты. Ол өте ерте кетті. Біздер оның спорттық ғұмырындағы жетістіктеріне жақсы қанықпыз. Мен Қадырбек Бұзауғалиұлын сонау тоқсаныншы жылдардан білемін. Ел тәуелсіздігін енді алып жатқан тұста облыстық әкімшілікте бірге қызмет істедік. Ол кісі қиын кезеңдерде облыстағы спорт мектептері сақтап қалуға күш жұмсады. Оның тәрбиелеген шәкірттері республикалық бәсекелерде талай рет үздіктер қатарынан көрінгенін жақсы білеміз. Сондықтан, Қадырбек Бұзауғалиұлының есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Бұдан кейін Ақмола облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы, Қадыекеңнің жан досы Қанат Ахметов тебірне сөз алды. Бірге жүрген әріптестері атынан Римма Ғайсенова, спорт ардагері Сәлімгерей Бексейітов және Алматы қаласынан осы шараға арнайы келген туысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Темірбаевтар сөз алып, Қадырбек Оспановтың өнегелі өмірі туралы тағылымды сыр шертті. Еске алды.
Спорт мектебінің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаны ашу құрметі облыс әкімі Нұралы Садуақасов пен марқұмның жарына берілді.
Қадырбек Бұзауғалиұлы 1950-ші жылы туған. 1973 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтының Қостанайдағы филиалын бітірді. Ол өзінің саналы ғұмырын облыс спортының дамуына арнаған жан. 1968 жылдан бастап Затобол аудандық БЖСМ-інде баскетболдан жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс істеді. 1976-77 жылдары осы мектептің директоры, ал 1977-1992 жылдар арасында Қостанайдағы №2-ші БЖСМ жаттықтырушы-оқытушы ретінде жемісті еңбек етті. 1992 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық спорт және дене шынықтыру комитетінің жетекшісі қызметін атқарды.
Жетпісінші-сексенінші жылдары обллыс спортын дамытуға Қ.Б.Оспанов тәрізді жаттықтырушылардың жаңа толқыны тартылып, соның арқасында облыс баскетбол спорты дамудың жаңа сапалы кезеңіне қадам басты. Ол жаттықтырушылық еткен жылдары жоғары дәрежелі спортшылар даярлап шығарды. Қадекең шын мәнінде өзіне және шәкірттеріне қатаң талап қоя білетін кәсіби маман болатын.
Оның тәрбиелеген шәкірттері ел ішілік біріншілікте талай рет топ жарғаны есте.Қадырбек Бұзауғалиұлы Лариса Брускова, Галина Мак, Лариса Панченко, Марина Скрыль, Наталья Жукова, Ирина Борская, Гүлнар Латыпова, Виктория Ярышева тәрізді Қазақстан құрамасына үміткер атанған мықты баскетболшыарды тәрбиелеп шығарды. Ольга Осроухова, Марина Олейниченко, Елена Мамонтовалар 1985 жылы Қазақстан құрамасы сапында Кеңестер Одағы чемпионатының «күміс» жүлдесін жеңіп алды. Ал ҚР спорт шебері Елена Киреева мектеп оқушыларының бүкілодақтық спартакиадасының финалдық ойындарына қатысты. КСРО біріншілігінің «қола» жүлдегері, жоғары топ командаларының қосалқы құрамы арасында Кеңестер Одағы чемпионатының «күміс» жүлдегері атанып, кейін Орталық Азия ойындарының чемпионы ретінде Әлем чемпионатына қатысып қайтты.
1991 жылы Қадырбек Бұзауғалиұлына бүкілодақтық дәрежедегі төреші атағы берілді. Соның арқасында ол бүкілодақтық және республикалық деңгейдегі талай жарыстарға , жоғары топ пен бірінші лига командаларының матчтарына қазылық етті.
Қадекең өңір спортын насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. Ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, алты жыл бойы облыстық баскетбол федерациясын басқарды.
Қ.Б.Оспанов «Қазақ КСР-інің халық ағарту ісінің үздігі», БЛКЖО ОК «Балалар спортының белсендіұйымдастырушысы» белгісімен, «ҚР дене шшынықтыру және спортын дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет белгісімен, ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», ҚР Конституциясына 10 жыл», «Тыңға 50 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталған.
Қадырбек Оспанов 2005 жылы 9-шы желтоқсанда 55 жасында дүниеден озды.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.