Кәсіпкерлерге жеңілдік жасалды
Облыстағы алпыстан астам кәсіпорын мемлекеттің монополистер мен доминанттар реестрінен шығарылып тасталды. Бұл шара кәсіпкерлік кодексінің күшіне енуіне байланысты әрі бизнесті бюрократиялық және қаржылық ауыртпалықтан қорғауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін доминаттар реестріне тіркелген компаниялар монополияға қарсы органдарға барлық көрсеткіштері бойынша есеп беруге міндетті болатын. Егер ол уақытылы орындалмаса 2 мың АЕК дейін айыппұл салынатындығы хабарланған. Одан басқа, реестрға кіргізу немесе шығару тәртібінің өзі бизнес үшін көп проблема туғызды. Алайда, мұндай қағазбастылыққа фирма өкілдерінің көп уақыты кететіндігі жайлы кәсіпкерлер Палатасына бірнеше рет арыз келіп түсті.
-Нарықта ірі компаниялардың көбеюіне байланысты доминат болуды тоқтатқан кәсіпорындарға миллиондаған айыппұл төлеттіру жөнінде бізге көптеген арыз келіп түсті. Оған реестарға тіркеу ережесі жөнді жетілмегені себеп. Нәтижесінде өзінің дұрыстығын дәлелдеу және әкімшілік жазаны алып тастау үшін олардың сот тәртібіне сүйенуіне тура келген, – дейді облыстық кәсіпкерлер Палатасының құқықтық бөлім бастығы Ренат Дәулетбаев.
2013 жылы облыстық палатаның сарапшылары бұл мәселені жүйеге келтіруді «Атамекен» ҰКП деңгейіне дейін көтерген. Сөйтіп, кәсіпкерлік Кодексінің 2016 жылғы 1 қаңтарда күшіне енуі байланысты реттемелі нарық субъектісі болып табылмайтын кәсіпорындар реестрдан шығарылып тасталды. Шешім ҰКП-ның бірнеше мәрте ұсыныс жасауының нәтижесінде қабылданды.
Әлібек ЫБЫРАЙ