Қостанайда үлкен көпір жөнделеді
Қайта жөндеу жұмысы осы айда қолға алынбақ. Жоба құны – 3,5 миллиард теңге. Ағымдағы жылға республикалық қазынадан 678 млн теңге қарастырылады. Көпір құрылысы 20 айға созылатын болады, яғни 2017 жылдың ақпан айына дейін жалғаспақ. Құрылыс жұмыстарын «25 көпіршілер жасағы» атты әлеуетті қазақстандық компаниялардың бірі міндетіне алмақшы. Әуелгі кезектегі жұмыс – көпір астымен жүргізілген коммуналды желілерге қатысты мәселелерді біржақты ету. Өзеннің арғы-бергі беттерін жалғайтын желілердің өте көп екенін айтады мамандар. Міндет – осынау барлық коммуникацияларды, көлденең ұңғылау-бұрғылау арқылы, Тобылдың түбімен жүргізу. Аз уақыттың жұмысы емес.
Нобайына көз жүгіртсек, 2017 жылы екі жолақты Үлкен көпір төрт жолақты болады. Биылша көпір үстіндегі қозғалысты тоқтату жоспарланып отырған жоқ. Құрылысшылар су асты жұмыстарымен айналысады. Тіпті, көпірдің тірек бөліктерін ұлғайтуды қозғалысты бөгемей-ақ жүзеге асыру көзделіп отыр. Дегенмен, қайткенде де, алдағы уақытта жолды аз уақытқа бөгей тұруға тура келетінін айтады мамандар. Айтқандай, қайта жөндеу жұмыстары Затоболға дейінгі жолды жаңартумен аяқталатын болады.
Жандос Жүсіпбек