Басты қайғы – басыбайлы баспана
Қазіргі уақытта қала әкімдігінің тіркеуінде баспанаға зәру 10 273 отбасы тұр. Бәрі де мемлекеттік тұрғын үй қорынан медеу тілегендер қатарынан. Қай-қайсысы да қоныс тойын мейрамдатар мезетті тағатсыз тосады. Дегенмен кезектердің жайбасарлығы бұл ғанибеттің ауылын алыстатып тұр. Құрылыстың қарқынсыздығы, қарастырылар қаражаттың анау айтқандай деңгейде болмауы себеп. Мәселен, «Жас отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу, қаржыландырылмауына байланысты, ағымдағы жылы қолға алынбайды.
Алайда мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту ісі мүлде тұралап қалды деуге келмейді. Көп жұмыстар атқарылуда. Жіктеп-жіліктеп айтқанда, Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына сай, сондай-ақ «2020 жылға дейін аймақтарды дамыту» бағдарламасы аясында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» желісімен халықты баспанамен қамту жүргізіліп жатыр. Биыл осы бағытта «Арман» тұрғын үй кешеніне қарасты 11 пәтер әлеуметтік аз қамтылған және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне табыс етілді. Тағы да, үшінші тоқсанда бір бөлмелі 20 жәнеекі бөлмелі 60 пәтер тұрғындар игілігіне берілмек.
Сонымен қатар, осы жылы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының барлық бағыттары бойынша қазынадан 2 млрд.теңге бөлінген. Бұл қаржы №3 орта мектеп ауданында «В» блок-секциясын іске асыруға және Текстильщик, Красносельский көшелерінде 3 жалдамалы пәтер және Қайырбеков көшесінде көп қабатты үйдің пайдаланылымға берілуіне жұмсалмақ. Мирошниченко және Майлин көшелеріндегі көп қабатты тұрғын үй түзу жобасы да жұмырлануда. Аэропорт ауданында көп пәтерлі баспана құрылысына 2,5 млн теңге қарастырылған. Тобыл өңіріндегі тұрғын үй мәселесінің салмағын біршама жеңілдетуге аталған жоспарлар серпін береріне сеніммен қарауға болатындай.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген: Махаббат Бекбай