«Қазір әрбір сағатты тиімді пайдаланатын сәт»
Сәрсенбі күні көктемгі егіс науқанының барысымен танысу үшін өңірді аралауға шыққан аймақ басшысы осылай деді. Нұралы Садуақасов шалғайдағы Қамысты, Науырзым, Әулиекөл аудандарының алқаптарына барып, жай-күйін көзімен көріп қайтты. Мамыр айында толассыз жауған ақ жауын шаруаларды жіпсіз матап тастап еді. Өткен аптаның соңынан бері күн ашыла бере өңіріміздің күнгей аудандары жерге соқа салуды бастап кетті. Алыс-жақын аймақтарға аты шыққан «Алтынсарин», «Қарабатыр», «Содружество 98», «Бестөбе-2», «ИНСПЭК-1», «Диев» серіктестіктерінің шаруалары қазір күн-түн деп қарап жатқан жоқ. Тіпті, олар егістік алқаптарындағы техниканың доңғалағы байланып қалатын ылғалды жерді айналып өтіп, басқа құрғақ, қатқақ жерге тұқым себуге мәжбүр.
Науқанды әдеттегі жылдардан он шақты күнге кешігіп бастаған шаруалардың осындай қадамға барғаннан басқа амалдары бар ма? Себебі, 1999 жылдан 2013 жылға дейін көктемгі, күзгі науқандардың бұлайша кешігуі, немесе ауа-райының сан құбылуы болмаған екен. Тек соңғы екі-үш жылда еліміздің солтүстігіндегі диқандарды табиғаттың тосын мінезі осындай әбігерге салып отыр. Дегенмен Нұралы Садуақасов аграрлық сала мамандарына әр күнді, сағатты тиімді жұмсауын, әр іске тиянақты болып, кез келген науқандық жұмыстарға ерте қамдану керектігін қадап айтты:
– Қазір күн ысып тұр. Алдағы бірнеше тәулік осылай тұрса, сіздер егістік науқанын аяқтап тастайды дегенге күмәнім жоқ. Ылғал былтырғыдан анағұрлым жоғары. Маусым айы да жауын-шашынды болады деп күтіліп отыр. Осыны ескеріп, көктемгі егістік науқынын алдағы он күнде аяқтап болуларыңыз керек. Ал одан кейін шаруа үшін жер жыртып жүрген абырой емес. Теріскейдегі аудандарды сіздермен салыстыруға келмейді, ондағы ылғал мол, жағдай күрделірек. Ал сапарымызды алдымен оңтүстіктегі аудандардан бастауымыздың тағы бір себебі – бұл өңірлер шегірткедан қауіп келетін атырап. Қанатты жәндіктермен күресу, олардың ұшып-қонуының жолын кесу мақсатында атқарылатын шараларды қолға аламыз.
Биыл 22 мамырдан бері Аманкелді, Жанкелдин, Арқалық өңірлерінде зиянкес шегіртке атаулығы «жан кіре» бастаған. Өткен жылы олар биылғыға қарағанда он күн бұрын «ояныпты». Бұл туралы өңіріміздегі ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық инспекциясының басшысы Болат Мирманов баяндады. Қазір аймақта 1 миллион га жерді залалсыздандыратын у қоры болса, химикат тағы 470 мың га аумаққа шақталып әкелінеді. Зиянкестер Науырзым ауданына да жұмыртқа салып кеткенін ескерсек, осы өңірде оларды жою мақсатында техникалар жұмыс істейді деді Б.Мирманов. Мамандар 28 мамырдан күнгейдегі аудандарда улау жұмыстарын бастап та кетті.
27 мамырдағы есеп бойынша аймағымыздағы көктемгі егіс науқаны 21% орындалды. Ал біз барған күнгей аудандардағы бұл көрсеткіш 30%-дан асып отыр. Соның ішінде 84 мың га астам егістігі бар «Алтынсарин» ЖШС алқаптың 70% астамына тұқым сеуіп үлгерді. Серіктестік ауа-райы қолайлы болса, 2-3 маусымға дейін науқанды аяқтамақ. Қазір алтынсариндіктердің тәуліктік үлгерімі 7 мың га жеткен.
– Осындай мезгілде біздің алқаптарымызға ылғалдың түскені өте пайдалы. Ал жұмыстың тез орындалуына ұжымның табандылығы мен жаңа техника үлкен себеп болады. Мәселен, былтыр біз жаңадан «Кировец» тракторларын сатып алып, соларды биыл егістікке салып отырмыз. Жылдамдығы жағынан басқа техникаларға қарағанда анағұрлым жоғары, – деді серіктестік жетекшісі.
Өңір басшысы диқандарға ұзақ жылғы тәжірибесі бар Борис Князевтей маманнан үлгі алу керек деді. Себебі, шаруашылықтың кез келген түрінен еселеп пайда көруге болады. Оған мысал, былтыр «Алтынсарин» ЖШС тек ет өндіруден 92 миллион теңге субсидия алып, мемлекет қолдауына ие болды. Мемлекеттің қолдауы демекші, өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы Науырзым ауданында жоспардан артық орындалса, Қамысты, Әулиекөл өңірлерінің белсенділігі төмен деді Нұралы Садуақасов. Аудандардың басшыларына осы кемшіліктерді жоюды тапсырды. Сондай-ақ, қатарынан бірнеше жыл шаруашылықтардың игілігіне жарамаған жерлерді мемлекетке қайтару мәселесі де көтерілді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ