Айтыстағы жас ақын Сырым Әуезхан кім?
Құрметті "Жастар kz", республикалық ақындар айтысына Қостанай облысының атынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алған жас ақын Сырым Әуезхан туралы білгіміз келеді. Қостанай жерінен шығып жүрген бұл қандай ақын?
Хатқа жауап жазбақ болып Сырыммен ұялы телефон арқылы байланысып, сұхбаттасқан болатынбыз.
Жас ақын Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында туған. 1994 жылдың төлі. Кезінде анасы Әлия Әбдірахманқызы құндақтағы екі айлық Сырымын алып, Алматыға көшіп кетеді. Кейін Елордаға қоныс аударады. Арада он жеті жыл өтті. Сырым анасымен бірге Астана қаласында тұрып жатыр. Ол үш жасынан ақындардың өлеңдерін жатқа айтып, домбыра тартуды да бала күнінен үйренген. Жаяу Мұсаның "Ақ сиса" әнін айтып көзге түседі. Ерте есейген балақай жыр әлеміне де ерте келді. Өлеңді мәнерлеп оқумен қатар, өзі де жазды. Жыр мүшәйраларына қатысып, талай мәрте жүлдегер атанған. Оған өзінің шыққан тегі, нағашы жұрты, өскен ортасы және есімі де әсер еткен шығар. Сырым батырдың сөзге шешен болғанын анасы үнемі оның құлағына құя берген.
Анасы Әлия Әбдрахманқызы сөз өнерін ерекше құрметтейтін жандарды бірі.
Мінекей, бала Сырым осылайша поэзиямен сусындап өсті. Ананың баптаған балапаны бүгінде айтыс әлеміндегі жас қыранға айналды. Ол құлыншақ күнінде-ақ сөз додасына қосылған жүйрік. Бүгінде талай аламанда топ жарып, бәйге алып жүр. Мәселен, "Төртеу түгел болса…" республикалық ақындар айтысының, "Жастар жырлайды" тележобасының жүлдегері, Аралда өткен "Жақайым – ата баласы" республикалық ақындар айтысының 2-орын иегері, Талдықорған қаласында өткен "Нұр Отан" партиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырыл-ған "Бір ел – бір ұлт – бір тағдыр" атты республикалық ақындар айтысының Бас жүлдесін жеңіп алды. Сырым айтыстан өзге жазба өлеңге, поэзияға да жақын.