Қолы алтын Кандрат

20140518_155651цв"Біздің Кандраттың қолы алтын ғой, шіркін" деп әзілдеп арқасынан қағады достары. Кандрат деп отырғанымыз Қаныбек Шалдыбаев. Достары осылай атап кетіпті. Бұған Қаныбек әбден үйреніп алған.
Науырзым ауданында тұратын жас жігіттің шынымен де қолы алтын. Неге дерсіз. Басындағы кепкасін дұрыстап қойып, екі білекті сыбана жұмысқа кіріскенде шамалы адам батпайды оған. Ол атқаратын жұмыс жай емес. Кез келген машинаңыздың тілін біледі. Енді мүмкін асыра мақтап жіберген шығармыз. Бірақ шын-дығымыз сол. Екі қолын қап-қара қылып, бүгжеңдеп жатқаны. Бұл өнер оған қайдан дарығына белгісіз. Әйтеуір техникаға жаны жақын. Алдына машинасын сүйретіп, бастары салбырап келгендерге көмек береді. Ана жерін бір, мына жерін бір шұқып, үндемей жүріп-ақ "гүр" етікізеді.
"Сен машинаның тілін біліп алған шебер екенсің" десең, жауабы қысқа "Қайдағы, менен де мықтылар бар ғой" деп жымия салады. Оқығаны, тоқығаны болмаса да осы істің нағыз шебері.
Осы уақытқа дейін қаншама жанға көмек берді. Ақысын беретіндер бар, бермей өтініп келе салатыны бар. Не керек көңілін қайтармай риза қылып жібереді.  Бірақ қазір Қаныбектің алдына қойған мақсаты бар. Ол – машина жөндеу орталығын ашу. Мақсат бар ғой. Тек қол қысқа. Қаражат жағы күрмеуге келіңкіремейді. Жұмыспен қамту орталығына барып, үкімет көмегін алайын десе кепілдікке қояр дүние керек. Не керек амалдың жоқтығы қол байлау болып отыр. Десе де мақсатынан айнығысы жоқ. "Қайтсем де бір істің басын бастау керек, Ауылда қолы алтын жігіттер көп қой. Тек сол дарындылық көрінбей қалатыны өкінішті" дейді Қаныбек.
Көптің алғысына бөленіп жүрген Кандратқа, демек Қаныбекке мақсатына жетуге тілектеспіз.
Науырзым ауданы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓