Оңай олжаға кенелемін деп…
Обылстық ІІД тәртіп сақшылары бір күнде 2 алаяқтық жасаған және 11 ұрлыққа барған азаматтарды қолға түсірді.
Ұрылардың бұл жолғы нысанасында металл қоршаулар, көлік бөлшектері және үй жануарлары болған. Мәселен, 26-мамыр күні Дзержинский көшесіндегі құрылыс маңынан әлдекімдер темір дуалдар ұрлап әкеткен. Дегенмен бейнебақылау құрылғыларының көмегімен оқиға болған жерге таяу маңдағы автопатруль жіберіліп, жедел із кесу әрекеттері қолға алынды. Нәтижесінде, төрт күдікті ұсталып, тергеу барысында қылмыстары ашылды. Ұрланған мүлік иелерін тапты.
Ұқсас жағдай Федоров ауданының Жаркөл ауылында да тіркелді. Жедел іздестіру шаралары нәтижесімен полицейлер металл дуал, құбыр және темір жол шойынын қолды қылып, шағымданушыны 10000 теңгеге зардап шектірген күдіктілерді анықтады. Ал, Қарасу ауданының Қарамырза ауылында әлдебір мекеме төңірегінен 8 тонна астық ұрлаған қаскүнем ұсталып, жазаға тартылды. Капыченка елді мекенінде де тұрақта тұрған көліктің дөңгелектеріне сұғанақтық жасау арқылы иесіне 90 мың теңге шығынға батырған ұрылар да алысқа ұзай алмады.
Алаяқтық дерегі бойынша тіркелген оқиғалар да оң шешімдерін тапты. Жітіқаралық жәбірленуші 1 млн теңгеден артық ақшасынан айрылып қалғандығын құқыққорғау орындарына арыз етіп келеді. Айтуынша, онымен үйді сату-сатып алу келісімін жүргізіскен әлдекімнің заңсыз әрекетке барғанын сезбей қалыпты. Оңай олжаға кенелгісі келген кісәпірдің қолына кісен салынды.
Ал, Қостанай ауданының Рыспай елді мекенінің азаматшасы ауылдасының қалтасынан 800 АҚШ долларын алдау жолымен әмиянына түсірген. Бұл үшін де айыпкер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Жандос Жүсіпбек