Дүниежүзі Қазақстанға көз тікті

ЭКСПО көрмесі – бұл мәні жағынан бүкіләлемдік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы жағынан әлемнің ең кең танымал спорт жарыстарымен теңдес жаһандық ауқымдағы оқиға. Біздің осынау жаңа табысымыз – біздің бүкіл әлемде құрметті елге айналғанымызды тағы да көрсетіп беріп отыр.
Іс жүзінде Астананы бүкіл әлем таңдады! Сондықтан ЭКСПО – 2017-ні өткізу – бұл, сонымен бір мезгілде, Қазақстанның бүкіл әлем алдындағы орасан зор жауапкершілігі.
Біз небары бес жылда Көрме орталығын тұрғызып, жаңа қонақүйлер, жолдар салып, көлікті дамытып, қонақтарды қарсы алуға даярлықты қамтамасыз етіп, үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек.
(Н.Назарбаевтың ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылдануына байланысты Қазақстан халқына Үндеуінен)8be9efb9111088d1029a26b9a98ade8a
1. Әлем елдері қолдап отыр
Елімізде өтетін ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі тәуел­сіз мемлекетіміздің   тұғырын нығайтып, имиджіне жаңаша сипат беріп, беделінің асқақтауына әсер ететін елеулі факторға айналғалы тұр.  Ол қазақ елінің экономикасының қарышты қадамын айғақтап,  даму белесін биіктетіп, ғылым мен техникада жеткен жетістіктерін паш етпек.   Мұны тіпті қазірдің өзінде әлемнің біраз елдері мойындап отыр. Оған дәлел – әлемнің алпауыт елдері қазақ елінің көрмесін тамашалуға ерекше құлшыныс танытуы.
Қырғызстан
Вице-премьер министр Валерий Диль «ЭКСПО Милан –  2015» көрмесінің дайындығы бойынша атқарушы комитеттің отырысын өткізді. Аталған отырыста «Астана ЭКСПО – 2017» дайындығы туралы сөз болды.
СӨП президенті Марат Шаршекеев атқарылған жұмыс­тары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, барлық қажетті жабдықтар алынды. Тек, көрме қонақтары келіп, Қырғызстан туралы ақпарат ала алатын төрт электронды ақпараттық көрсеткіш тақтасының толтырылмай қалуда. Айтпақшы, «ЭКСПО Милан – 2015»-тегі еліміздің күні биылғы жылғы 29 мамырында өтеді.
«Қырғызстанда  бар, ең үздікті бұл көрмеде лайықты түрде ұсыну керек. Сонымен қатар біздің павильонымыздың ұлттық ерекшелігі болуы қажет», – деп атап өтті В.Диль. Ол алдағы «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесі жөнінде, көрменің Қырғызстан гидроэнергетикасының әлеуеті мен келешегіне мүмкіндік беретіндігін, осы іс-шараға қазірден бастап дайындалу керектігін айтты.
Вице-премьер министрліктер мен ведомстволарға ­«ЭКСПО Милан – 2015» көрмесінде ұсынылатын төрт электронды көрсеткіш тақтасын толтыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Тәжікстан
ЭКСПО – 2017 көрмесінің Комиссары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегацияның Тәжікстан Республикасына жұмыс сапары өтті.
Сапар аясында Тәжікстан Республикасының Премьер-министрінің бірінші орынбасары Д.Саид, Экономикалық даму және сауда министрі Н.Хекматоллозода және Сыртқы істер министрінің орынбасары П.Давлатзодамен екіжақты кездесулер өткізілді, деп хабарлайды ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінен.
Тәжікстан Премьер-министрінің бірінші орынбасарымен әңгімелесу барысында ЭКСПО – 2017 көрмесінің Комиссары әңгімелесушіні Астанадағы халықаралық көрмені өткізуге дайындық барысы мен ҚР Президентінің «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы бастамасы туралы ақпараттандырды.
Өз кезегінде Д.Саид екі ел арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейі мен қалыптасқан бауырлас қарым-қатынастарды атап өтті. ТР Үкіметінің атынан Саид мырза Тәжікстанның ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысуын растап, Душанбе қаласының Астанадағы көрмеде лайықты ұсынылатынына сендірді.
Экономикалық даму және сауда министрі Н.Хекматоллазодамен ТР Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде ЭКСПО – 2017 көрмесіне дайындық және оған қатысу ережелерінің тұсаукесері ұйымдастырылды. ЭКСПО – 2017 Комиссары баламалы энергетиканы жасау және қолданудың жаңа импульсын, әлемнің үздік технологияларын ұсыну мүмкіндіктерін беретін және энергетикалық тиімді бағдарламалардың алға жылжуына көмектесетін аталған көрме аясындағы ынтымақтас­тықтың маңыздылығын атап өтті.
Онымен бірге, әңгімелесушілер тау­-металлургия өнеркәсібі, көлік және логис­тика, сондай-ақ энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлемдік экономикадағы теріс беталыстарға қарамастан үдемелі дамуы атап өтілді.
Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары П.Давлатзодамен өткен келіссөздердің барысында қазақ-тәжік екіжақты қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.
Атап өткенде, түрлі деңгейлердегі сапарлармен алмасуды ұйымдастыру және қазақ-тәжік үкіметаралық комиссиясының сауда-экономикалық ынтымақтастық бойын­ша кезекті отырысын өткізу, сондай-ақ Тәжікстанда Қазақстан Мәдениет күндерін өткізу мәселесі қарастырылды.
dfdf796d6a2401fa76958b2bf99143baБұлар ЭКСПО – 2017 көрмесіне келмек
 ЭКСПО – 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушы елдерді тарту бойынша келіссөздер барысының қарқыны үдеуде. Көрмеге қатысатынын 17 ел ресми түрде растады, олардың арасында ТМД мен Еуропалық Одақ елдері бар. ЭКСПО – 2017 комиссары – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев қатысушы елдерге сапарын жалғастырып, шақырулар таратып, келіссөздер жүргізуде.
Қазақстан былтырғы Парижде өткен ХКБ Бас Ассамблея­сының 155 сессиясында ЭКСПО – 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі ресми түрде мойындалғаннан кейін қатысушыларды шақыру құқығын алды. Қазақстан Президенті атынан дипломатиялық арналар арқылы 140-тан аса ел мен 12 халықаралық ұйымға ЭКСПО көрмесіне қатысуға шақыру жіберілді. Келіссөздер барысында 17 мемлекет (Әзірбайжан, Ангола, Армения, Беларусь, Германия, Грузия, Индия, Қыр­ғызстан, Монако, Ресей, Сенегал, Сент-Китс және Невис, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Израиль және Түркия) және 3 халықаралық ұйым (АТМЭӘК, ЭЫДҰ және БҰӨДҰ) Астанадағы көрмеге қатысатынын ресми түрде растады.
Биылғы жылы ЭКСПО – 2017 комиссары – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаевтың алдында 80 елдің ЭКСПО-ға қатысатынын растау бойынша ауқымды міндет тұр. Еуропа, Америка және Азия елдеріне сапарлар жоспарланған. Халықаралық қатысушыларды тартумен қатар, Комиссар ЭКСПО – 2017 көрмесін халықаралық алаңдарда ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуде және шетелдік елдердің туризм министрлерімен, туристік қауымдастықтардың басшыларымен келіссөздер жүргізуде.
Ресей
Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация барған алғашқы елдердің бірі Ресей болды. Сапар барысында РФ Сырт­қы істер министрінің орынбасары Василиий Небензимен, Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Георгий Каламановпен,  Туризм бойынша федералдық агенттіктің басшысы Олег Сафоновпен, Сочи – 2014 Қысқы олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің бұрынғы президенті Дмитрий  Чернышенкомен, «Сколково» инновациялық орталығының вице-президенті Александр Черновпен кездесулер өтті. Басты ресейлік серіктестер ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысатынын растап, сондай-ақ, екіжақты туристік әлеуетті белсенді дамытуға келісті. ЭКСПО – 2017 ұйымдастырушылары Ресейдің мемлекет тұрғысында, сонымен бірге, ресейлік компаниялар мен ғылыми-технологиялық орталықтар тарапынан ауқымды түрде қатысуын күтіп отыр.
Беларусия
Беларусия премьер-министрінің орынбасары Михаил Русый Минск ЭКСПО – 2017 көрмесіне лайықты деңгейде қатысады деп сендірді. Бұл туралы ол Рәпіл Жошыбаевпен болған кездесу кезінде мәлімдеді. Келіссөздер барысында тараптар екі елдің ғылым мен IT-технологиялар саласындағы бейінді институттарының көрмеге қатысу мәселелерін талқылады.
Беларусияның Сыртқы істер министрі Владимир Макеймен әңгімелесу кезінде ЭКСПО – 2017 комиссары Нұрсұлтан Назарбаев атынан Беларусия Президенті Александр Лукашенкоға жолданған ЭКСПО – 2017 көрмесіне шақыру-хаттың түпнұсқасын табыстады. Өз кезегінде БР сыртқы істер ведомствосының басшысы Рәпіл Жошыбаевқа Беларусияның ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысуын растайтын нотаны тапсырды. Сапар қорытындысы бойынша «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компания­сы мен Беларусияның Туристік ұйымдарының республикалық одағы арасында Астанадағы көрменің туристік әлеуетін дамыту бойынша серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.
Франция
Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас Ассамблеясының 156-сессиясының жұмысына қатысты. ЭКСПО – 2017 комиссары халықаралық қатысушыларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, сондай-ақ, Қазақстанның ХКБ алдындағы міндеттемелерін орындау шаралары туралы айтып берді. Сапар шеңберінде Рәпіл Жошыбаев Францияның СІМ-нің Бизнес және халықаралық экономика департаментінің директоры Анес Ромате-Эспаньмен келіссөздер өткізді. Ол Францияның ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысуға мүдделі екенін, сондай-ақ, жоғарғы технологиялар саласында жұмыс жасап жатқан компаниялардың өздерінің ең үздік әзірлемелерін таныстыруға дайын екенін жеткізді.
Литва
Литва ЭКСПО – 2017 көрмесіне өз экспозициясын ұсынады. Литва Республикасы Үкіметінің Канцлері Альминас Мачюлис ЭКСПО – 2017 Комиссары Рапиль Жошыбаевпен кездесу барысында өз мемлекетінің көрмеге қатысу туралы ниетін растады. 
Осылайша, Литва  ЭКСПО – 2017 қатысатынын ресми түрде растаған әлемнің 22-і мемлекетіне айналды. Мұнымен қоса, астаналық көрменің болашақ қатысушылары қатарында Германия, Түркия, Израиль, Үндістан, Франция, Ресей, Қытай және т.б. бар.
Ұлттық компанияда жаңартылмалы энергия көздері, энергия ресурстары саласындағы инновациялар, қоршаған ортаны қорғау сияқты болашақ Халықаралық көрменің мәселелері ЭКСПО-2017 шетелдік қатысушыларының қызығушылығын тудыратынын атап өтті.
Шетелдік қатысушылардың өтінімдері келесі жылдың ортасына дейін қабылданады. Компанияның Халықаралық департаменті өкілдерінің айтуынша, әлемнің барлық мемлекеттері дерлік жаңартылмалы көздер тақырыбына қызығушылық білдіреді. Бұл айырықша, күрделі болғанмен, өте заманауи тақырып болып табылады. Шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық корпустары оған қызығушылық білдіріп, қазақстандық делегацияны толығырақ талқылау үшін күтуде.
Дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа қарамастан, ­ЭКСПО көрмелері сәтті жүзеге асырылуда. «Сөйтіп, 2015 жылғы 1 мамырда бастау алатын Милан көрмесіне әлемнің 100 мемлекетінен өкілдер қатысады», – деп санайды сарапшы.
Дүниежүзілік EXPO – 2015 көрмесі Миланда 2015 жылғы 1 мамырдан бастап 2015 жылғы 31 қазанға дейін өтетінін айта кетейік. Көрме алаңы 1,7 млн. ш.м. созылады. Көрме күндері Милан 20 млн. артық қонақ күтпекші. Көрменің тақырыбы – «Планета азығы, өмір үшін энергия».
ЭКСПО – 2015 азық-түлік арқылы дәстүрді, шығармашылық пен инновацияларды көрсететін ерекше әмбебап оқиғаға айналады. Мұнда бұрын жарық көрген, бірақ жаңа жаһандық мүмкіндіктер тұрғысынан ұсынылатын көптеген тақырыптар ашылады. Оның басты идеясы – планетадағы барлық адамдардың пайдалы, қауіпсіз және жеткілікті мөлшердегі азық-түлікке қол жеткізуі.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓