Жаңашылдық бар. Жанашырлық ше?

Лисаков қаласында ата-аналар балаларына мектеп формасын алуға міндеттеп отырғаны жайлы шағым айтуда. Оларға мұндай нұсқаулық жоғарғы жақтан түскендігін және біркелкі мектеп киімінсіз оқушылардың жаңа оқу жылында білім ошағына жіберілмейтіндігі ескертіліпті. Мұндай арыздарын жергілікті ата-аналар «Лисаков Онлайн» порталына жолдады.Школьная форма
-Біріншіден,-делінеді шағым хатта,- республика бойынша мұндай талаптың пайда болғаны жайлы естіген емеспіз. Бұл, дәу де болса, өзіміздің пысықайлар енгізіп отырған жаңашылдық. Екіншіден, үгіт етіп отырған киім үлгісімен таныстық. Көбіміздің көңілімізді көншітпейді – қатқыл жұмыс киімін тігуге арналған материалдан дайындалған секілді. Бейне, бір жуғаннан соң тоз-тозы шығатындай. Оған да көнер едік, егер құны қалтаға салмақ түсірмесе: әрбірінің бағасы – 14 мың теңге. Табысы төмен немесе көп балалы ата-аналардың ахуалы алаңдатпай ма екен оларды?
Айтқандай, аталған мектептік киім үлгісін өндірушінің өзі қазақстандық емес көрінеді. Бұл да болса, өз кезегінде, Елбасының отандық өнімге қолдау білдіру турасында айтқанына қайшы келеді. Ал, жергілікті білім бөлімі бұл жайлы әзірше жақ ашпай отыр.
Айтылмыш сайтқа, алғашқы шағымдардың ізін ала, тағы да хаттар келіп түсті. Онда әлдебір мектепте арнайы жиналыс болғаны, ата-аналарға киімді нақты бір кәсіпкерден сатып алулары керектігі туралы ақпар берілгені айтылады. Ала-құлалық байқалған оқушылардың мектепке кіргізілмейтіні нықтап ескертіліпті. Не көнерін, не сенерін білмей дал болған ата-аналар мәселесі қоғамдық пікірді қаққа айырып отыр. Желіде де қызу талқылаулар жүруде.
 
 Жандос Жүсіпбек                                                                             

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓