Жол шебері – Аслан
Өз кәсібінің нағыз шебері болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Көптің арасынан көзге түсіп, абыройлы еңбегімен өзі жұмыс істейтін «ССКӨБ» АҚ тау-кен темір жол көлігі басқармасының мақтанышына айналған азаматтардың бірі –жол шебері Аслан Абдрахманов.
Аслан Қамысты ауданына қарасты Красногорск ауылының тумасы. Рудный қаласында тұрып жатқанына 15 жыл болды. Үйленген, 3 жасар ұлы бар. Ол Қостанай инженерлік экономикалық унивеситетін темір жол көлігі мен тасымалдауды ұйымдастыру мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірлестікте жұмыс істеп жақтанына 2,5 жыл болды.
-Бұл жас жігіттің болашағынан зор үміт күтуге болады. Ең бастысы – арнайы білімі бар. Қазір жастарды тегін оқытуға жіберсең де, бармай жатады. Ал Аслан жұмысқа жол монтаждаушысының көмекшісі ретінде орналасып, аз ғана уақыт аралығында жол шебері болып шыға келді. Жастарға бірлестік басшылығы ғана емес, мемлекет тарапынан да зор қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан Асланның алар асуы әлі алда – дейді аға жол шебері Болат Жақыпов.
Зиянды әдеттерден аулақ Аслан ұжымында абыройлы. Кез келген адаммен тез тіл табысып, оны өзіне қаратып алатын қасиеті бар. Асланның жұмыс күні Соколов кенішіндегі темір жолдардың жағдайын бақылап, қол астындағы 12 жұмыскерге тапсырма берумен басталады.
– Кеніште 4 пост жұмыс істейді. Соколов кенішінің күні-түні толыққанды жұмыс істеп, пойыздардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп отырамыз. Жауапты жұмысты, маған артылған сенімді 100 пайыз орындауға тырысамын, – дейді Аслан.
Кейіпкеріміз жұмыспен қатар спортта да белсенді. Спорттық туризмнен өтетін барлық жарыстардың бас-қасында жүреді. Бүгінгі таңда оны уақытша Қашар кенішіне жұмысқа алып кетті. Себебі дәл Асландай жұмысына ұқыпты, әрі жауапкершілікпен қарайтын мамандар жетіспейді. Аслан өз еңбегімен болашақта еліміздің темір жол саласының дамуына өзіндік үлес қосуды армандайды. Біз оның ойлаған мақсаты орындалып, замандастарына үлгі болып қала беретініне сенімдіміз.
Қуаныш Есқабыл