АТАҢНАН ҚАЛҒАН АС ЕМЕС!
Науырзым аудандық Түркебай мешітінің Бас имамы Есет Сейтқалиұлының бастамасымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қасиетті Рамазан айында түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына барынша көмек көрсетіле бастады. Бас имамның мұрындық болуымен қолға алынған ерекше бастамалардың бірі – "Ішімдіксіз Рамазан" екені даусыз.
Қасиетті ай басталар кезде Есет Сейтқалиұлы аудан тұрғындарына осы бағытта үндеу жариялаған болатын. Бас имамның ұсынысын жергілікті жұртшылық ерекше ілтипатпен қабылдап, ащы судан бір кісідей бас тартты. Жергілікті сауда орындары мен кәсіпкерлер де халық қалауын құптап, дүкен сөрелеріндегі арақ-шараптарының барлығының көзін құртты. Науырзымдықтар осынау игі бастаманы өзге аудандар да іліп әкетер деген ниетте. Әрі, жыл он екі ай жалғасса деген үмітте.
«Осынау жылына бір рет келетін қасиетті айда жат қылықтан аулақ болайық дегіміз келеді. Сауапты істеріңіз көп болсын,» деген тілегін білдірді Есет Сейтқалиұлы.