Елдігімізге сызат түсіруге жол жоқ!

Борьба с терроризмомАдам өмірінің, ұлттың қауіпсіздігі – мемлекеттің тұрақтылығы. Мемлекет ішіне іріткі салып, халықтың берекесіне нұқсан келтіруге ешкімнің хақысы жоқ. Ата-ана балаға бесіктен ғибратты тәрбие беріп, аға буын кейінгі жасқа өнегелі ісімен үлгі бола білгенде ғана елдің тұтастығы нығаяды. Ондай елде қылмыс азаяды, азаматтарының ар-ұяты, намысы жоғары болады. Өткен аптаның аяғында облысымызға үш күндік сапармен келген "Қазақстан Республикасы ҰҚК органдарының ардагерлері" республикалық қоғамдық бірлестігінің ақпараттық-насихат тобы облыс орталығында, Рудный қаласы мен Қарабалық аудандарында ұлттың болашағына, еліміздің баянды болуына қатысты осындай бірқатар жиындар өткізді.
Елбасының "Қазақстан – 2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" Жолдауын жүзеге асыру мақсатында құрылған ақпараттық топты РҚБ Орталық кеңесінің  төрағасы, отставкадағы генерал-майор Т.Айжолов бастап келді. Құрамында кезінде еліміздің бірқатар облыстарында қызметтер атқарған біздің өңіріміздің тумалары отставкадағы генерал-майор М.Махамбет пен тоқсанға келген отставкадағы полковник Ғ.Бекмұхамедовтың барын айта кеткен жөн. Насихат тобына аймағымыздан ардагер генерал М.Дәуенов, ҰҚК облыстағы департамент басшылығы қосылып отыр. Шараның алғашқы күні Достық үйінде өткен жиынға дін қызметкерлері, мемлекеттік органдар, үкіметтік және ҮЕҰ, БАҚ өкілдері шақырылды.
Ұлтты ұйыстыратын – ынтымақ
Қазақстан өзінің мемлекеттілігін қалыптастыру жолында бірнеше стратегиялық бағыттар мен саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асырды. Еліміз тәуелсіздігін алған уақыттан бастап, ұлттық қауіпсіздік жағдайымыз ең басты мәселенің бірі екеніне баса назар аудардық. Себебі, бүгінгі қоғамның арқалаған міндеті салмақты – 15 мыңға жуық шақырым шекараны мықтап бекітіп, келешекке тапсырып кете салу емес, сол шекараны ұрпақтың ұдайы қорғап отыруын аманат ету жолы. Қазір шекарамыз бекіді, одан қорқыныш жоқ дегенмен, арқаны кеңге салып отыруға тағы болмайды. Осындай түйткілді мәселелер ардагер генерал Т.Айжоловтың "2050 стратегиясы" және "ұлттық қауіпсіздік" тақырыбындағы баяндамасында айтылды:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі" деп бекер айтпады. Қазақ тарихында қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Ұлтымыздың руға жіктелуі, тарихыңды, өткеніңді, тегіңді білу, қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым ретінде қолданылғанын білеміз. Өкінішке қарай, қазіргі заманда рушылдық дертіне ұшырап жатқан қандастарымыз аз емес. Балабақшаларда, мектептерде, орта, жоғары оқу орындарында тегіңе қарайтын болып жүр. Біз трайбализмге жол бермеуіміз керек. Сонымен қатар, ұлтты ар-ожданынан айыратын тағы бір құбылыс – жемқорлық мәселесі. Біз парақорлықпен күресті күшейтіп, қоғамдағы асқынған дерттен арылу жағына баса мән бергеніміз жөн. Ол үшін жазаны неғұрлым қатайту қажет.
Т.Айжоловтың сөзінше, ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын тағы бір тетік – құ-қық қорғау органдары мен арнайы қызметтерге реформа жасауды жалғастыра беру. Соңғы жылдары еліміз оны аттестациялау жүйесі арқылы шешуді қолға алды. Дегенмен, өткен жылдары сынақтар тапсыру кезінде 100 мыңнан астам құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 12,5 мыңы емтиханнан сүрініп, жұмыстан шығарылыпты.
Сондай-ақ, терроризм және діни экс-тремизммен күрес – тұтас ұлт болып бірігіп тосқауыл қоятын құбылыс. Ұрпақтың  діни сауатын арттыру арқылы тәр-биелейтін болсақ қана – лаңкестік әрекеттердің алдын алғанымыз. Баяндамашы республикада терроризм және діни экстремизмге қатысты сотталғандардың басым бөлігі жастар екенін айтады. Қоғамда өзегін сақтап тұрған осындай кері бұрылыстың жолын кесу мақсатында елімізде бұған дейін ҰҚК жанынан құрылған антитеррорлық орталық республикалық мәртебе алып, былтырдан бері қызметін бастады. Бұған жиырмадан астам министрліктер мен ведомстволар жұмылдырылып отыр. Қазір осы орталықтың біздің облысымызда да жасақталып жатқанын айта кеткен жөн.
Діни сауатты елге айналуымыз керек
Қазіргі таңда мемлекеттің тәуелсіздігін, оның халқын, шекарасының тұтастығын мойындамайтын жаңадан құрылып жатқан күмәнді діни ағымдар қатары кемімей отыр. Қауіптенетін  жәйт – аталған топтарда адам саны неғұрлым аз болған сайын дінге деген фанатизм күшейе түсуде. Олар саяси және идеологиялық мақсаттарға жету үшін адамдарды небір теріс қимылдарға, әрекеттерге дейін апаратын бағыт ұстанады. Адасатындардың басым бөлігі жастар болғандықтан, олар мұндай қадамдарға әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тұрмыс-тағы ауыртпалық, жұмыссыздық салдарынан барып жатады.
– Қазіргі таңда еліміздегі діни экстремизм мен терроризмге баратындардың 80 пайызын 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген жастар құрайды, – деді ардагер генерал М.Махамбет жастар арасында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу және болдырмау тақырыбына қатысты жасаған баяндамасында. – Радикалды ұйымдардың мүшелерінің барлығына дерлігі жоғары білім алмағандар.  Терроризм,  діни  экстремизмге қатысты сотталғандардың басым бөлігі діни сауаты жоқтар. Керісінше, ғаламтор бетінде небір теріс діни уағызға толы, жарылғыш заттарды қолдан жасап, оларды өзін құрбандыққа шалу кезінде пайдалануға болады дейтін бейне жазбалар көбейіп барады. Қазақстан осы бағытта күресті күшейтті, оның нәтижесі де жоқ емес.
Елбасымыз атап көрсеткендей, діни экстремизммен күресу – дінмен күресу емес. Сол себепті, бұл мәселе үнемі назарда болу керек. М.Махамбеттің мәліметінше, елімізде жалпы теракт жасамақ болған 61 адамның көзі жойылған. Өкінішке қарай, олардың қолынан 11 бейбіт тұрғын, 14 полицей мен ҰҚК 4 қызметкері қаза болыпты. Кейбір лаңкестер басқа мемлекеттерден біздің елімізге қылмыстық жауаптылықтан бой тасалап келеді екен. Соңғы үш жылда ҰҚК қызметі лаңкестік әрекеттерге қатысы бар жетпістен астам қылмыскерді шекарадан асырған. 2005 жылдан бері террорлық сипатта бас көтерулер ұйымдастырмақ болған 46 әрекеттің жолы кесіліп, қырықтан астам радикалды топтың көзі жойылған. 500-ден астам адам сотталып, олардан 250 дана атыс қаруы, 6 мыңнан астам оқ-дәрі, жалпы салмағы бір тоннаға жуықтайтын жетпістен астам жарылғыш зат тәркіленіпті.
Отанын сүйген адам опық жемейді
Патриоттық сана-сезім адамға қанмен келмейді, ол қоғамда орын алған әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістерге қарай қалыптасады. Бүгінгі ұрпақты ар-намыс, ұлттық болмыс, қазақстандық патриотизмге қарай тәрбиелеу де қоғам, мемлекет болып ықпал ететін күш. Ардагер Ғ.Бекмұхамедовтың айтар ойы осы. Зейнетке шыққаннан кейін жазушылық шығармашылықпен айналысып жүрген  ақсақал 13 кітаптың авторы. Алғашқы туындысын келешекке арнап "Ұрпаққа сөз" деген атаумен шығарса, соңғы уақытта Президент  Жолдауын  насихаттауға   бағытталған "Стратегия – 2050" кітабын жазуға кірістім дейді. Дегенмен ардагер қазіргі жастар арасында Отанға деген құрметін көрсетпей жүрген жастардың бар екенін де жасырмады:
– Мемлекет шетелдерде "Болашақ" бағдарламасымен қаншама жастарды оқытып жатыр. Алайда, олардың бірқатары елге оралып қызмет етудің орнына сол жақта қалып қоюда. Міне, бұл Отанға деген жанашырлықтың жоқтығынан. Елдің, Елбасының сенімін арқалаған әрбір азамат қандай жағдай болмасын, мемлекетке қызмет көрсету керек. Ал Отанға патриот отбасынан басталады. Қазақстандық патриотизм – ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың  бас-тауы. Осыны ұмытпағайсыздар. Сондай-ақ, патриотизм дегеніміз – қазақ тілін білу. Әрбір азамат өзі тұрып жатқан мемлекеттің байырғы ұлтының тілін үйренуі тиіс. Жастарды алдымен қазақ тілін үйренуге шақырамын. Себебі Қазақстанда қанша тіл үйренемін десе де шектеу, яғни, тілге қатысты қысым жоқ.
Тәрбие – талбесіктен
Қоғамда құқықбұзушылықтың "нөлдік шыдамдылығын" қалыптастыру да үлкен мәселе екені рас. Біз көбіне, ауыр қылмыстармен күреске басымдылық береміз де, ұсақ құқық бұзу қылмыстары назардан тасада қала береді. Бір жағынан, жастар арасындағы қылмыстардың өршуіне де осындай салғырттық жол беріп отыр. Ресми дерек бойынша былтырғы жылдың тек алты айында еліміз бойынша жасөспірімдер 48,8 мыңнан астам қылмыс жасаған:
– Олардың басым көпшілігін мектеп, лицей, гимназияларда оқитындар құраған, – деді қоғамда құқықбұзушылықтың "нөлдік шыдамдылығын" қалыптастыру тақырыбында баяндама жасаған отставкадағы генерал-майор М.Дәуенов. – Қылмыс жасау фактілері жұмыссыз жастардың арасында көбейіп барады. Соңғы үш жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар 21 мен 29 жас аралығындағылардың қолымен жасалуда. Жастар арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың саны артып барады. Қоғамнан өз орнын таппау, әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен отбасындағы, өзі жүрген ортадағы кикілжіңнің салдарынан 2012 жылы мыңнан астам суицид тіркелген. 
Қазақстан – көпке үлгі болатын ел
2012 жылдан бері елімізде террорлық әрекет орын алған жоқ. Оған ҰҚК табанды еңбегін атап өту керек. Қазір шекараны бақылау күшейтілген, соның нәтижесінде халықаралық бірнеше радикалды ұйымның жолы кесілді.
Республикалық насихат тобының мүшелері мемлекет басшысының еліміз-де жүргізіп отырған саясатына өңіріміз-дің барлық азаматтарын үн қосуға шақырды. Ол үшін барша ұлыстардың бірлік-берекесі қажет. Меймандар осы тұрғыда Қостанай облысын ұлтаралық келісімді берік сақтаған, діни ахуалы тұрақты аймақ саналатынын айрықша атап өтті.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Коллажды жасаған: Д.Власенко.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓