Күнәға жетелеген кінә
Бұл оқиғаны біздің өңірге қатысы болғандықтан жазып отырмын. Өйткені бұдан сабақ алмас-қа болмайды. 05.10.14 және 12.10.14 күндері республикалық "Жетінші арнаның" "Нысана" ақпараттық-сараптама бағдарламасынан жиырма жыл бойы туған перзентінен көз жазып, жас ғұмыры жасқа шыланумен өткен астаналық Жанат Ахметованың жанайғайы туралы сюжет көрсетті.
…1993 жылы Жанкелдин ауданының Сарысу ауылына келін боп түскен Жанат Әбдісалыққызы айы, күні жетіп, босанады. Дә-лірегін айтқанда, толғақ қысқан жас келіншек сол күні аудан орталығындағы перзентханаға жеткізіледі. Сөйтіп көп ұзамай өмірге қыз бала келеді. Бірақ, құрсағынан шыққан баласын бауырына бір-ақ рет басамын деген ой сол сәт Жанаттың басына келмегені ақиқат. Сәбилерді келесі күні аналарына емізуге әкелгенде, Жанат баланың өзінікі емесін біліп, шыңғырып жіберген. Жаңа туған нәресте өздеріне мүлде ұқсамайды. Көзі көкшіл. Не істемек керек? Дәрігерлер болса Жанаттың жанайғайына пысқырып та қарамаған. Болары болды. Ерлі-зайыпты Қаныбек пен Жанат Ахметовтер "сәбилерін" алып, үйлеріне оралады.
Арада жылдар өтіп, кішкентай Гүлнафис тәй-тәй басып, жүре бастағанда да ауыл ішінде жел сөз кезіп, бала бұлардыкі емес, бөтен біреудікі екені туралы әңгіме толас таппайды. Мұндайда отбасында қай бір береке болады дейсіз. Оқиғаның байыбына терең бойламаған ауылдастарының сөзіне еріп жас отбасы талай рет ренжіскен. Гүлнафис бес жасқа толғанда Астанаға қоныс аударған Ахметовтер отбасы сал боп туған "тұңғыш" сәбилерінен соң өмірге тағы үш перзент әкеледі. Арада қаншама су аққанмен Жанаттың ойынан әлдебір күдік кетпей-ақ қойды. "Тіпті көшіп бара жатқанда Сарысуда бірдеңем қалып бара жатқандай көзіме жас іркіле берді. Әлденені қимайтын сияқтанамын", – дейді өзі тілшіге берген сұхбатында.
Сонымен не керек, сал дертіне шалдығып дүниеге келген Гүлнафисті емдету үшін апармаған жері қалмайды бұлардың. Күндердің күнінде Ақтөбеде атақты емші бар екен деп естігін ерлі-зайыптылар Гүлнафисті жетектеп жолға шығады. Міне, сол кезде алғаш рет көптен бері көңілді күпті еткен ақиқаттың беті ашылады. Емші бойжеткен Гүлнафис Ахметовтердің баласы еместігін айтуға мәжбүр болады. Мұны сюжетте сұхбат берген емшінің көмекшісі де растайды. Осыдан кейін ұйқысыз түндер, мазасыз күндер басталды. Әбден әуре-сарсаңға түскен Жанат Ахметова Торғайға келіп, аудандық орталық аурухананың мұрағатын ақтарады. Сөйткенше, баяғы күдік шындыққа айналады. Жанат тұңғышын босанған 21 тамыз күні тағы бір қыз баланың дүние есігін ашқаны туралы мәлімет шеттері сары жағалданып, әбден мүжіле бастаған архив құжаттарының ішінен табылды. Ол баланың есім-сойы Роза Жеңісқызы Адаева. Ауданның "Юбилейный" кеңшарында тұратындығы жазылған қағазда. Жанаттың жанарында жылт еткен үміт пайда болды. Жиырма жылдан бері туған сәбиінен көз жазып қалған ананың ендігі ойы қайтсе де баланы тауып алу. Оңай емес. Бірақ, белін бекем буынған ана неге де болса төзбек.
Талай көрерменнің көзіне жас үйірген осы бір сюжеттің ақыры қуанышпен аяқталды. Жанат Ахметова жат ананың бауырында кеткен өз перзентінің Астанадағы медициналық колледжде оқитынын біліп, талай рет сол маңды торауылдаған. Адаевтар қоныс аударған Қоянды ауылына да бірнеше рет барып қайтқан. Баяғы тәтті үміт қана алға жетелейді. Ақыры тапты. Жиырма жылдан артық көрмеген туған қызын көріп құшағына басты. Қаныбек те, Жанат та сол сәтте мен үшін өмірдегі ең бақытты жандар болып елестеді. Иә, бақыт – байлықпен өлшенбесі хақ. Олардың бар бақыты – осыншама жылдар бойы басқа бір отбасында дін аман бойжеткен Розаларымен қауышуы еді.
P.S. Сюжетте баяндалғандай, сол кезде (1993 жылы) Жанкелдин аудандық перзентханасында дүниеге келген қос сәбиді ауыстырып, жылдар бойы Жанатты әуреге салған медицина қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Біздің айтпағымыз бұл емес. Дәрігерлердің немқұрайлылығынан, өз істеріне жауапсыз қарауынан елімізде қаншама отбасы зардап шекті. Мұны мерзімді БАҚ талай жазған, көрсеткен. Әсілі, әр кәсіп иесі өз ісіне аса жауапкершілікпен қараса екен деген ой қылаң береді. Әсіресе, Гиппократ антына адал, халық ақ халатты абзал жан деп дәріптейтін дәрігерлер қоғамның ең басты құндылығы – адам тағдырына абай болса, кәні!
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Суреттер 7 арна сайтынан алынды
Айеке бұл мақаланы жазу себебің не? түсінбедім бұл оқиғаны теле арнадан көрдік. заң бұзған ақ халаты "Абзал" жандайды жауапқп тарттыма соны айтпадыңда.