Аруақтардың мазасын алуға болмайды

Өмірде жын, пері, аруақ, елес ұғымының барына көп адамдар сене бермейді. Өз басым бұған сенемін. Әлі есімде, ол кезде біз бесінші сыныптарда оқимыз. Ауылдағы біз білім алған 11 жылдық үлкен мектептің жанында тиер-тиместей жерде ескі қорым болды. Мектеп жанында интернат болатын, сонда жатып оқыған балалар түн жарымында нешетүрлі дыбыстардың шығатынын, асхана жақтан ыдыс-аяқтардың салдырлағаны естіледі деп үнемі айтып жүретін. аруа06 елесБаламыз ғой, оны естіп алып, біз де сабаққа барудан қатты қорқатынбыз. Өсе келе білдік, бұл мектеп орнында кезінде ескі зират болған көрінеді, соны қырып тастап, орнына мектеп салыпты дегенді үлкен кісілерден де жиі еститінбіз. Жалпы, ескі қорымды қырып, үстіне мектеп болсын, қандай да бір ғимарат салу ол дұрыс емес. "Елу жылда – ел жана" деп көп жағдайда адамдар ойланбастан зираттарды қырып, ойына келгендерін істей береді. Аруақтың мазасын алған соң, әрине олар да тыныш жата алмайды. Біздің ауылдағы мектеп те көп ұзамай өзінен-өзі құлап, жермен жексен болды. Бұдан басқа, біздің ауылға қарасты Тұз деген шағын  ферма болды, бала кезімізде біз де қырыққа жуық отбасыдан құралған сол бөлімшеде тұрған едік. Менің есімде қалғаны, бөлімшедегі үйлердің бәрі жер кепе үйлер (землянка) болатын. Кешке жақын далада доп ойнаймыз, сонда біздің айқайлаған дауыстарымызды екінші біреу қайталап тұрғандай, жаңғырып естілетін. Күнде кешкілік болсын, түн жарымында болсын үйдің төбесінен біреулер шеге қағып жатқандай дыбыстар да естілетін. Бірде әкем іссапарға кеткен еді, содан үйде мен, інім, анам үшеуміз ғана қалдық.  Күн батып, қараңғылық орнаған кез, біруақытта біреу есік қаққан соң, анам барып есікті ашады ғой,  адамның сұлбасы көрінеді, амандасып, жарықты жаға бергенде әлгі сұлба жоқ болып кетеді. Мұны анам көрші Жексенбай деген ұста атайға жеткізеді, сонда ол кісі бұл ауылдың орнында кезінде үлкен зират болғандығын, кеңес үкіметі тұсында сол зиратты қырып тастап, осы үйлерді салғандығын, аруақтардың үстінен басып, мазасын алған соң олар бізге де тыныштық бермейді, Құран оқытып, дұға бағыштап отыруымыз керек деген екен. Жексенбай атаны да жұрт ұста ғана емес, аруақты кісі деп отыратын. Ол кісі қайтыс болып кетсе де, кейін әлгі ферма шетіндегі атайдың ұстаханасынан да төстерді ұрып жатқан дыбыстар естілетін. Бүгінде сол ауылдан қазір ештеңе де қалған жоқ, тұрғындар мазалары қашқан соң өздері-ақ көшіп кеткен көрінеді.
Әрине, біз аруаққа емес, Аллаға сыйынамыз, ал аруақтарды құрметтеп, рухтарына Құран бағыштаймыз. Аллатағаладан сол дұғаларымызды қабыл ет деп тілейміз.
 
Қарлығаш ӘБЕН.
Қостанай қаласы.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓