Адал аңсаған

Кезінде  аудан, облыс әкімі болған Аңсаған  жасы алпыс үшке толғанда жоғары жақтың пәрменін күтпестен министр лауазымынан өз еркімен арыз жазып,  қызметтен кетті.
Араға ай салып, өзі қатты сыйласатын, шарапат-жақсылығын көрген жетпістегі парасатты Тоқсаба Тәңірберген имамға келіп ағынан жарылды:
– Билік қолда бар кезде шайқап-төктік. Обал-сауап дегенді естен шығарып алған  кезіміз болды. Өзіңе ұнағанды ішіп, өзгеге ұнағанды кидік. Бетіңнен қағар ешкім болмаған соң, бірде болмаса бірде аяқты қайда басарыңды білмей, бұзыла бастадық. Мансабың тұрғанда қолпаштаушы да табылады. Жылы сөзге сүйінбейтін кісі жоқ. Кедей – байға, бай – құдайға жетсем дейді, өзің шалқып жүргенде  әлгі жағымпаз-жантықтар екі қолтығыңнан су бүркіп береді. Бүйендей бұлиғаныңды сонда бірақ білесің..
Оның үстіне қыз-қырқын деген көздің құрты, сол құртың жыбырлағанда тағат-төзімнен айырылып, арбаласың. Ayazbekov
Балаларымды түзетіп, береке таппадым. Бәрі кеш. Тағдырыңды өкінішпен аяқтау қорлық, оның таңбасы сүйегінді емес, жүрегіңде қалады.
Қарап тұрсаң өмірдің түбі шолақ.  Рахаттың дуында мәз болып жүргенде, қайғылыны жұбатуға құлқың соқпайды. Кеудеңдегі астамдық райдан тез қайтпасаң, өзің қастер тұтатын Анаңның рухын аяққа басқандай боласың! Күнәдан қалай арылудың шарасын іздеп келдім, – дейді. Тоқсоба ойланып отырып:
– Ақылды тақта отырған патшадан сұрама, тағынан түскен патшадан сұра деген. Тақтағының шамына тиіп кетсең, халің мүшкіл. Ашулы ақыл деген бар, әділ ақыл деген бар. Сен тақтан өз тілегіңмен түскен адамсың. Орынтағынан еріксіз түскен әкімдерге қарағанда, көңілің тоқ. Сондықтан мен саған емес, сен маған  ақыл бергендейсің, – деді, сұраулы жүзбен.
– Рас,  мен өзге әкім, өзге   бастықтардай өкпелі, назалы емеспін. Бірақ әлгінде аңғарт-қанымдай жазықты пендемін. Сіз тас таразы адамсыз. Сіздің шамалыға күпінетін, сөзуар ғалымдарға сорпаңыз қосылмайды…
Ал мен ең болмаса, мұнан былай күнәсіз тірлік кешіп, қанағаттың жолы қайсы, соған түсейін  деймін. Сізге сондықтан келіп отырмын, – деді ол табандай сөйлеп.
Тоқсаба имам талай жыл ат үстінде жүргенде мұның меселін қайтарып , көңілін қалдырып көрмеген інісінің қолқасына көнді де:
– Не дейін, келістім, ниетің қабыл болсын, – деп бет сипап, бата бергеннен соң:
– Сен енді менің қасымда боласың. Сен бәріне шыдап бақ. "Арам түбі – реніш, адал түбі – кеніш" деген. Жаратушы райдан қайтқанды кешіреді. Ол үшін "Халық" деген Алланың бір аты екенін есіңде ұста. Олай дегенім, сен енді қарапайым халықтың, оның ішінде кедей-пақырлардың, кемтардың  бастан кешетін күйін өз басыңнан  кешіп, бұрынғы райыңнан қайт-қаныңды шындап дәлелдесең,  айып – күнәң халық алдында тазарған болады. Ал тіліңдегі жүрегіңде болмаса,  енді бұрын-ғыдай қолыңа су құяр кісі де жоқ, еңбегің еш, тұзың сор, біттім дей бер. Шариғатта достық жоқ. Осының барлығына көн, белді байла. Пенде болған соң, менің де өзіме лайық ағаттығым бар шығар. Қиыншылыққа, аштыққа да  кәдімгі қара халық қатарында көнемін деп бекін. Әр күнгі ренішің ертеңге қалмай, батар күнмен бірге батсын. Қысқасын айтқанда, құдай жолына түскен адам өз өмірін өзгеге арнап ғұмыр кешіреді. "Өзіме" деген ұғымды қоясың. Сонда ғана өмірің өзгенікі, тек өлімің өзіңдікі саналады.
Тазару деген  қара басыңның  шамасын әділ таразылау, түсініп болу. Ондай адам сен сияқты, ар-ұятқа да жүгіне біледі. Ниетің қабыл болсын!
Сонымен көп жылдар бойы қызмет лауазымына әбден етсіңді арбалғаны болмаса, жаратылысынан  ақпейіл Аңсаған өзіндегі барлық дәулетінен,  үй-жай тірлігінен уақытша босап , Тоқсабаның қасына келіп, құзырына өтті.
Аңсаған Тоқсаба имамның  көмекші-хатшысы, қоғаммен қарым-қатынастағы маманы қызметіне құлшына кірісті.   Бүкіл бір облыстың Бас  мешітінің кеңсесіндегі пошта, хат-хабар, арыз-шағым, қатынас қағаздарын реттеп, үйлестіріп отыру оңай болған жоқ. Кейде ит қорлықтай көрініп, өзін әрең ұстап жүрді.  Әсіресе,  курьерлік жұмысқа да жегіліп, жаяулап-жалпылап мекемелерге хат тасуға мәжбүр болғанда жүрді. Қолы қалт еткен сәтінде Тоқаң Аңсағанға жарты сағат күнделікті өмірден көрген-түйгендерді тілге тиек ете отырып, ақыл-нақыл айтып, соның бәрін  зерделеуге үйретеді. Рухани байлыққа бау-лиды. Аңсаған Тоқсабаның ақылды кісі екеніне көзі әбден жетеді.  Енді мынандай парасат тұнған  кісінің алдында бұрын-ғы өткен кейбір келеңсіз істері үшін көңілі құлазып, опық жейді. Ойлап қараса, жұмыр басты пендеде жан да, тән де бір екен. Ендеше, бай болсын, кедей болсын, ішкі  рухы, адамдық  мәртебесі бірдей екені есіне кіріп те шықпаған  кездері  көп болыпты. Талай мұң-мұқтаждыны  көзге ілмей,  шен-шекпендінің ғана сөзіне құлақ асқанына енді  ғана өкініп отыр. Әсіресе, Тоқсоба мәртебелі меймандарымен ғана емес, күнде өзімен тең санап бірге отырып тамақ ішкенде түйіліп қалатындай қысылады. Қарапайымдылыққа әдет-ғадеті біразға дейін үйрене алмай қойған еді. Бірақ  Тоқсаба күн-делікті жүріс-тұрысы, қас-қабағы, жұртпен қарым-қатынасы арқылы-ақ көп нәрсені аңғартты.  Абзал кісінің алдында ұртыңды бүлкілдетіп ас жей бермей, кеңесін тыңдаудың мәнісі  түйсігіне енді жеткендей.
Арада жылжып жыл өтіп  те қалды. Ой әлемі біршама өзге-ріске ұшыраған Аңсаған бұрын ел билеген кезінде  қоластына ақылды, дегдар  кісілерді шақырып сыйлап, құрмет көрсетіп, кеңес құрмағанына енді ұялды. Небір ақсақал-қарасақалдарды көрген сайын өзінен-өзі бетінен оты шығады.  Ал, Тоқсаба болса бұл үшін көп имамның  ішіндегі абызы, оны іштей әбден мойындады.
Тоқсаба имам Аңсағанның  бойында біршама  оң өзгеріс барын іштей сезіп жүрсе де оған үндемейтін. Бірақ бір күні мұны шақырып алып, мешіттің 200 адамдық асханасы бар. Сол асхана меңгерушісінің  азық-түлік жөніндегі көмекші қызметіне тағайындағанын, дереу жұмыс-қа кірісу керектігін тапсырды. Бұдан былай шаруашылық меңгерушісімен көк базарға барып, азық-түлік сатып алу, басқа да дүкендерден керек жарақты таситын қарапайым жұмысшылардың қасына қосылды. Бұл Аңсаған үшін тосын  да, тосын емес те еді. Өйткені, өзі тілеп алған сынақ мейлінше қатаң бола түсетінін сезді. Бірақ оның аяқ астынан мұндай  күтпеген кәсіпке тап болатынын білген жоқ. Ішкі қынжылысын сездір-мей, жұмысшыларға үнсіз еріп жүре берді. Мұны  көріп, естіген  жұрт кеше бір өлкені ашса алақаныңда, жұмса жұдырығында ұстаған кісіні мұндай халде көргеніне таңырқасты.  Сыртынан кекетіп-мұқатып, мүсір-кеп-есіркегендер де болды. Аңсаған сезіп, құлағы шалып қалса да үндемеуге, естімеген болып, өз жұмысын жанын сала  істей берді. Уақыт өте  бірте-бірте мұны көрген жерде ықыласпен амандасатындар  пайда  болды.  Аңсағанның өзі де кісіге қол үшін беруге ықыласты еді.  Бұрынғы аты Аңсаған енді "адам" деген сөзді қосып "Адам Аңсаған" дейтін болды.
Бір күні Тоқсаба мырза оны соңғы сынақтан өткізбек болып бір-екі жігітті әдейі жұмсап, шаршап келе жатқан Аңсағанның қытығына тиіп  әбігер-әлекке салуды тапсырады. Сол сәтте оның не айтқанын бұлжытпай маған айтып келіңдер дейді.
Сонымен жұмысы бітіп, болдырып,  үйге қарай жаяулатып келе жатқанда "бұзақылар"  Аңсағанды иықпен қағып, жолдан итеріңкіреп етегінен тартып, ыржалақтап тиісе бастайды.  Қой, жігіттер бұларың не деп айтып көріп еді, олар мазақтап, кекетіп мұны тыңдамайды. Бұрын "айдаһарша ысқырған кісі" ғой. Мына дуайпаттарға не шара барын таба алмай, жаны әбден күйеді де, екеуіне бұрылып қарап тұрып:
– Әттең, баяғы бастық болып жүрген күнім болар ма еді! – деп, ашудан қалшылдағанда азу тістері шықырлап кетеді. Тоқсабаның тапсырмасын қалт жібермейтін екі жігіт әлгі сөзден кейін мұны жайына қалдырып кетіп қалады.
Сол күні қабағы қарс жауып Адал Аңсаған кешке Тоқсабаға жыларман болып:
– …Тоқа, Сіздің сыныңыздан өтіп, тазарып болғанша шыдай алмайтын шығармын.  Ең болмаса, мына бұзықтарыңыздан құтқарыңыз! Мен бұл түріммен өле-өлгенше сіз сияқты "абыз" деген атқа ие бола аламын ба, жоқ па? – деген екен.
Сонда Тоқаң тұрып:
– Сен абыз тұрмақ, тіпті түк те түзелмепсің! Абыз болу үшін асқан ақылмен ғана емес, сол ақылыңды аздырмайтын мінезің болу керек. Өзің мүсәпірлік жолда,  тазаруда жүрген адамсың. Жаратқаннан шын кешірім сұрап  жүрген соң осы мінәжат күндеріңде біреу әдейі басыңнан аттап кетсе "е, ақымақтығынан аттады, өзім арылудағы адаммын, бұған шүкіршілік етпеске амал жоқ", деп өзіңді сабыр-тәубеге шақыруың керек еді. Бірақ олай болмады. Бүгін жігіттерге ызаланып айтқан сөзіңді ойыңа түсірші… "Әттең, баяғы бастық болып отырған күнім болар ма еді!"– деп тісің шақырлап кетіпті. Міне, осыдан-ақ бұрын-ғы билеп қалған күніңді, тақты аңсап, әлгілерді сазайын тарт-қызғың келді. Өтірік дей алмассың. Кешегі  күнің болса, тым болмағанда оларды он бес күнге қаматып тастар едің. Сол улы ашу сенде әлі бар. "Ашушаңның анты болмайды, өйткені ашуын жұтуы у жұтумен бірдей" деген сөзді естіп пе едің? Олай болса сендей, әлі ашуы сынып болмаған кісіні тек азапқа көніп, жұмыс істегеніне бола түзеліп кетті, түп-тамырынан өзгеріп, тазалыққа көшті деп қайтіп айтамын, – деп кейиді.
Адал Аңсаған ұялып қысыл-ғанынан маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды.
– Шыдамның тамыры ащы болғанмен жемісі тәтті. Мүсәпір болмай, мұсылман болмайсың, деген сөз босқа айтылмаған. Пенделік өмірде бір қиындыққа ұшырап жатсаң себебін өзіңнен іздеп, өзіңнен тап. Өйткені, бір қателік адамнан өтпей, құдайдан зауал жетпейді. Екі-үш жыл дәмдес болғандағы соңғы айтарым осы,– дейді Тоқсаба. Адал Аңсаған кешірім сұрап, ұстазына бас иеді.  
 
Жанұзақ Аязбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓