Өлген киіктердің саны жиырма мыңға жуықтады
Облыс аумағында қырылған киіктердің саны он мыңға жетті. Шығын бұдан да көп болуы мүмкін. Қазір, ақбөкендердің жаппай қырылуына не себеп болғаны анықталып жатыр. Індет белгісі білінген Аманкелді ауданында карантин жарияланып, жағдай қатаң бақылауға алынған. Арнайы құрылған жасақ зардапты жоюмен айналысуда.
Киіктер жаппай қырылған Жолоба қонысына ең жақын елді мекен Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылы. Арасы 60 шақырымдай. Қазір Үрпектен 15 шақырым аса бере, 16 мың гектар аймаққа карантин жарияланып, кіруге тыйым салынған. Жергілікті билік қырғынның нақты себеп-салдары анықталып, зардабы жойылмай шектеу алынбайды деп отыр.
Тыйым салынған аумаққа ешкімді өткізбейді. Алғашында 117 бас киіктің өлгені туралы ақпар 11 мамырда тіркелген. Келесі күні олардың саны мыңнан асты. Ақбөкендердің шығыны адам шошырлық қарқынмен өршіді. Бүгінгі күнге дейін 9 мың 800 бас киіктің өлексесінің көзі жойылып, дәріленіп, көмілді. Бір аптадан бері қауіпті аймақта жүрген арнайы жұмыс тобының жетекшісі Базыл Жақыпов зардапты жою үшін қолдан келген барлық шаралардың қарастырылып жатқанын айтады.
-Киіктер қырылған жерде 800 -дей адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 506 адам киіктерді көмумен айналысады. 76 техника жұмылдырылған,-дейді облыс әкімінің орынбасары .
Шығынның нақты есебін айту әзірге мүмкін болмай тұр. Қырқа – қырқаның астында жер тезек боп шашылып жатқан киік өлекселері толық жиналып біткен жоқ. Алдын ала болжам бойынша киіктер пастереллезбен ауруы да ықтимал. Себебі анықталмаған бұл індет бұған дейін де бірнеше рет тіркелген. Дала аңының аузынан көбік ағып, іші кебуі сол кеселге келіңкірейді. Десек те, мұны дәл диагноз деуге ерте.
-Зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жүргізіледі, оған қазір нақты жауап беруге мүмкін емес. Киіктің етін, ішкі құрылысын, сондай-ақ, бүкіл ауаны, суды, топырақтың, шөптің анализдерін түгел зерттеуге алып кетті,-деп отыр ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев.
Сараптама қорытындысы алдағы күндері белгісі болады. Амангелді ауданы көлемінде киіктерге келген кеселдің шаруашылыққа, жергілікті тұрғындарға зардабы жайлы мәлімет тіркелмеген.
Амангелді аумағы бетпақ дала популяциясына жататын ақбөкендердің төл өрбітетін жері. Киіктер жаппай қиырылған Жолоба «Алтын дала» мемлекеттік қорығына кірмейді. Бүгінде әуе көліктері дала тағылары жайылатын аумақтарды түгел шолып шықты. Әзірге өзге мекендерде мұндай жағдай тіркелген жоқ.
Абылай Мауданов
маскара, узынкулактан естигенимимз, оларды адейи олтирипти дейди, наккты биле алар емеспиз, "Қостанай таңы" ман-жайды аныктап берсе екен,,,,
Қалқаларым,көздерің ашық адамсындар! Мынау кшегі ақпарат. бүгін 27 мыңнан асты, Бақ кз сайытна кіріп қарап көріңдер!
Құрметті, оқырман! Киіктер туралы мәлімет күн сайын өзгеріп отырады. Аталмыш ақпаратта лауазымды тұлғалар мен мамандардың пікірі арқылы жалпы жағдайды көрсетуді көздедік.