Ұлт қасіреті ұмытылмайды
31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Тарихтың осынау бір тауқыметті тарауы — жансебіл ұлттың жанында жатқан жазылмас жара іспетті. Араға жылдар салып тағы да сыздады… Нақақ құрбандар рухына тағзым етуге арналған дәстүрлі митинг Жеңіс саябағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішінің алдында өтті. Жиынға облыстың және қаланың билік өкілдері, репрессия құрбандарының балалары мен туыс-туғандары, ҰОС ардагерлері, қоғамдық бірлестіктердің, мемлекттік органдардың, әскери-патриоттық клуб, БАҚ өкілдері және жастар қауымы қатысты.
Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін мен ашаршылық талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан елдің шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Тыныш жатқан қарапайым қазақ түтіні, ұлт зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері жазықсыз жапа шеккені мәлім. Зұлмат заман құрбандарын еске алу шарасы бір минут үнсіздікпен басталды. Әуелгі сөз кезегін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алды.
-Еліміздің тарихында қарқынды дамумен қатар зобалаң кездер де аз болған жоқ. Бүгін біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасына жиналып отырмыз. Бұл дәуірде Қазақстанды ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь елдерін де қамтыған алапат миллиондаған жазықсыз жанның өмірін қиды. Осы арада қазақ халқы біздің елімізге қоныстанған әртүрлі ұлт өкілін өз бауырына басқанын атап айтқан жөн. Қоныстанған этностардың бүгінгі ұрпақтары біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тарих – өткеннің сабағы. Біз соған қарап ертеңімізді түзетуіміз керек» деген қанатты сөзі сананың жаңғырына, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Жыл сайын бейкінә құрбандарды еске алып, тағзым етеміз. Ең бастысы, тарихтың тауқыметті кезеңдерін өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Сол жылдары қазақ халқы көп зардап шекті. Екі миллионнан астам адам аштықтан ажал құшып, бір миллионнан астам адам ел асып кетті. 101 мың адам репрессияға ұшырап, 27 мың адам оққа ұшты. Тек Қостанай облысының өзінде 7 мың адам қуғын-сүргін құрбаны болса, 2 мың өлім жазасына кесілді. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Елдес Омаров сияқты қазақтың зиялы тұлғалары болды. Елімізде бір жарым миллион адамды ұстаған 11 лагерь жұмыс істеді. Шамамен әрбір бесінші адам қоныс аударушы болды. Олар неміс, кәріс, поляк, шешен, грек, түрік, тағы да басқа ұлттардың өкілдері еді. Қазақ халқы жер аударылып келген жандарға қамқорлық жасап, бір түйір нанды бөлісіп жеді. Осындай достықтың, бірліктің арқасында аман қалды. Міне, біз бірігіп, заманауи, мықты мемелкетті аяғынан тік тұрғыздық. Ол – Қазақстан Республикасы. Ардақты ағайын, алдағы уақытта тек жақсы, жарқын жұмыстарда кездесейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді өңір басшысы.
Бұдан соң сөз кезегі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Құрметті қызметкері, отставкадағы генерал-майор, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректорының кеңесшісі Михаил Дәуеновке берілді. Ол кісі Жеңіс саябағында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің орнауына бірден-бір себепкер болған.
-Құрметті қостанайлықтар! 1937-1939 жылдары қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Осы күнді аза тұту – біздің борышымыз. Себебі, өткенін ұмытқан ұлттың болашағы болмайды. Бәріміз бас иіп тұрған мына ескерткішке биыл 15 жыл болды. Оның тарихы 1996 жылы былай басталған еді. Саяси репрессия құрбандарын қайта оңалту жылдары маған қолына үш тал қалампыр ұстаған 80 жастағы қарт ана келді. Ол 1939 репрессияға ұшыраған күйеуін оңалтуды сұрап келіпті. Әңгімелескен соң күйеуін оңалту туралы анықтама алып, ҰҚК ғимаратынан шыға беріп: «Ұлым, менің күйеуім қайда жерленген? Жатқан жеріне гүл шоқтарын қойғым келеді» деді. Бұл сұрағына жауап ала алмаған қарт ана қолындағы гүлдерді босағаға қойып: «Жатқан жері жайлы болсын. Ол енді кінәлі емес» деді. Бұл сөздер әлі күнге дейін менің санамда. Мыңдаған адам жазықсыз жазаланған туыстары жайлы үнемі сұрап келітін. Олардың жатқан жерін іздейді. Осындай оқиғалар «Құқықтық Қазақстан» қоғамдық фондын ескерткіш орнатуға итермеледі. 2003 жылы репрессия құрбандарының туыстары және әртүрлі жастағы, әртүрлі ұлт өкілдерінің аударған ақшаларына ескерткіш салынды. Қазіргі қазандай қайнаған тіршілікте татулықты, бірлікті, бейбітшілікті сақтап қалу керек. Міне, біз өткенді еске алып тұрмыз, осы қасиетіміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасса деймін,-деп сөзін аяқтады Михаил Дәуенов.
Бұдан соң сол жылдары Қазақстанға қоныс аударып келген ұлт өкілдерінің ұрпақтары сөз алды. Олар ата-әжелерінің айтқандарынан мысал келтіріп, қазақтың кең даласына, мейірбан халқына алғыс айтты.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған митинг гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.