Ерлікке тағзым
Екінші дүниежүзілік соғыс әбден шиенеліскен 1942 жылы Тобыл өңірінде 151-ші жеке атқыштар бригадасы құрылған болатын. Алғашқы эшолон 26 сәуірі күні Қостанайдың қазіргі балалар шығармашылығы сарайының алаңынан майдан даласына аттанды. Кейін генерал Василий Шатилов басқарған әйгілі 150-ші атқыштар дивизиясы негізінен біздің бригада құрамымен жасақталған еді. Қалың қол Берлинге дейін жетіп, сарбаздарымыз Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Осы жауынгерлік операцияға қатысқандар арасында рота командирі, Кеңес Одағының батыры, біздің жерлесіміз Илья Сьянов болды.
Биыл міне, даңқты 151-ші бригаданың құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығында Қостанай қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен вело және жаяу жүгіріс шеруі өтті. Жеңіс саябағындағы ІІ дәрежелі Кутузов орденді 151-ші атқыштар бригадасының құрметіне орнатылған стела жанында айтулы оқиғаның құрметіне митинг ұйымдастырылды. Оған қарт майдангерлер, оқушылар, студенттер, курсанттар мен еріктілер жиналды.
– Өңірімізде осы күні вело және жаяу жүгіріс шеруін өткізу жыл сайынғы үрдіске айналды. Бұл шара тек жеке атқыштар құрамы ғана емес, Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында қаза болғандардың рухына тағзым, – деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Шаят Шаймұрынов құттықтау сөзінде.
151-ші жеке атқыштар бригадасы бір мезетте құрыла салған жоқ. Бұл 1941 жылы 12 желтоқсанда Мәскеу маңындағы фашистермен болған шайқастар кезінде Кеңестер Одағы Бас қолбасшысының бұйрығы болатын. Осы кезден бастап Қостанайда да майдан даласында тегеуірінді күш көрсететін әскери бөлім жасақтау пәрмені келді. 1942 жылы 5 наурызда сарбаздардың күшейтілген әскери дайындығы басталды.
– Әзірлік аяқталғасын, 26 сәуірден бастап теміржол вокзалынан жауынгерлеріміз лек-легімен соғысқа аттанып жатты. Біздің сарбаздар Солтүстік-Батыс майданға жетіп, бір айдан соң ұрысқа кірісті. Көптеген жерлестеріміз ерекше көзге түсті, қаншамасы шейіт болды. Бірақ бір адым артқа аттамаған жанкештілердің алғашқы азат еткен ірі қаласы – Балтық бойындағы Идрица болды. Осылайша жүздеген шаһар мен елді мекендерді жау қолынан босата отырып, алға жылжыған армия немістер астанасына жетті. Рейхстаг ғимаратына басты кіреберісінен бірінші болып шабуыл топтарымен енген біздің жерлесіміз Илья Сьянов болатын. Жеңіс Туының біреуі осы ротада болатын. Оны барлаушылар М.Егоров пен М.Кантария рейхстаг күмбезі үстіне тікті. 150-ші дивизияның мыңдаған жауынгері орден- медальдармен марапатталды, ал дивизия командирі В. Шатилов, аға сержант И.Я.Сьянов, барлаушылар М.Егоров және М.Кантария Кеңес Одағының Батыры атанды, – деді Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Харьяков.
Дәл осы 3-ші екпінді Жеңіс Туы жыл сайын 9 мамырда Мәскеуде өтетін әскери парадқа шығарылады. Тудың көшірмесі Қостанайдың №4 мектебі мұражайында сақтаулы.
Биылғы жаяу жүгіріс пен вело шеруге жүзден астам адам қатысып отыр. Жеңіс саябағынан аттанып, 26 шақырымды бағындырған олар қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Саламатты өмір салты мен патриотизмге баулыған шеру қалалық балалар шығармашылығы мектебіндегі митингке ұласты.
– Мен 14 жастамын. Қаладағы Қ.Оспанов атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып жүргеніме екі жыл болды. Осы уақыт аралығында өзіміздің өңірімізден бөлек, Шымкент, Қапшағай, Талдықорған, Көкшетау қалаларындағы республикалық додаларға қатыстым. Өзімнің замандастарымды осы бір тамаша спорт түрімен шұғылдануға шақырамын, – деді шеруге қатысушы Юнус Мададов.