Көркем көлік нөмірлері облыс қазынасын 17 млн теңгеге толықтырды
2015 жылдың басынан бері Қостанай облысының жүргізушілері көркем де қымбат автонөмірлер сатып алу арқылы, 17 млн теңгеден артық қаржымен өңір бюджетінің бүйірін қампайтты. Темір тұлпар иелерінің арасында, әсіресе, «777», «888» және «111» таңбалы нөмірлер сұранысқа ие екен. Ағымдағы жылдың алғашқы ширегінде –ақ 54 мемлекеттік нөмірлік белгілер сатылыпты. «Бәрінен бұрын саудасы қызу жүрген «777» санды нөмірлер – 11 данасы сатылды,-дейді облыстық ІІД ЖПБ ТЕБ бастығының орынбасары Аслан Балғабаев.- Ал оны «888» өкшелеп келеді, 9 данасы саудаланды. «111»-ліктердің 8-і иелерін тапты. «555», «001» санды нөмірлерге деген сұраныс та аз да болса бар».
Айтпақшы, мамандардың сөзіне жүгінсек, саудасы жүрмей, жүрелеп тұрған жалқы нөмір –
«666». Жыл басынан бері бір талының да басы шұқылмапты.
Жалпы, мұндай мәртебелі нөмірлер екінің бірінің еркіне бағынбасын да айта кеткен жөн. Тіпті, бағалары жылдан-жылға шарықтап барады. Былтыр «100»-ден «999»-ге дейінгі нөмірлі белгілер 253 724 теңге болса, бұлардың биылғы құны – 271 534 теңге. Ал «001» мен «009» аралығындағылар және әйгілі «777» өткен жылы 422 256 теңгеге сатылған, ағымдағы жылы бұларға қожалық ету үшін қалтаңыздан 451 896 теңге жырып бересіз.
Жандос Жүсіпбек