Егемендікпен туған банк жүйесі
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қостанай облысының аумағында алғашқы банктің негізі қаланған еді және келесі жылы бұл тарихи оқиғаға тура жүз жыл толғалы отыр. Банк жүйесі тұтастай алғанда экономиканың барлық салаларымен байланысты, ол капиталдың кәсіпорыннан кәсіпорынға, бір саладан екінші салаға ауысуын қамтамасыз етеді, қоғамның, бизнестің және азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандырады.
Егеменді елдің дербес банк жүйесін құруда әрине кеңес үкіметінен қалған жүйенің ізі бар. Біздің облысқа тоқталар болсақ, 1987 жылы КСРО Мемлекеттік банкінің Қостанай облыстық кеңсесі КСРО Мемлекеттік банкінің Қостанай облыстық басқармасы болып ауысты. Сондай-ақ осы кезде Өнеркәсіп құрылыс банкі,Тұрғын Әлеуметтік банкі, Агроөнеркәсіп банкі, Сбербанк пен Сыртқы экономика банкі сияқты мемлекеттік арнайы банктер құрыла бастады. 1990 жылы «Қостанай банк» атауымен алғашқы кооперативтік банк ашылды.
Өз егемендігін алған соң Қазақстан дербес банк жүйесін құруға кірісті. Ең алғаш рет маңызды деген екі құжат қабылданды: 1990 жылдың 7 желтоқсанында «Қазақ КСР-дегі банктер және банк қызметі туралы» заң мен 1991 жылы 20 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР-нің Ұлттық Мемлекеттік банкісінің Жарғысы туралы» қаулысы. Ұлттық Мемлекеттік банк республиканың меншігіне өтіп, орталық банкке айналды. Екі деңгейлі банк жүйесі құрылды, бірінші деңгейі – Ұлттық Банк, екінші деңгейі басқа барлық банктерді қамтыды.
1993 жылдың сәуірінде Қазақ КСР Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі атауына көшті. 1993 жылдың 15 қарашасында елдегі қиын экономикалық дағдарысқа қарамастан, Ұлттық Банк өзінің ұлттық валютасын айналымға енгізді. Бұл экономиканы тұрақтандырып қана қоймай, ел тәуелсіздігін нығайта түскен маңызды қадам болды.
Ұлттық Банк ескі кеңес рублін жаңа теңгеге ауыстырып шықты. Біздің облыстағы бұл науқан ұйымдасқан түрде, өте қысқа мерзім ішінде орындалған еді. Ұлттық Банк пен коммерциялық банктер үзіліссіз ескі ақшаны қабылдап, қауырт жұмысқа қарамастан, екі ауысымдағы қызметкерлердің арқасында бүкіл ақшаны айырбастап шыққан болатын.
Жалпы, теңгенің айналымға түсуі тәуелсіз Қазақстанның даму тарихындағы ең айшықты оқиғалардың бірі және қазір бұл шешім елдің бүгіні мен болашағы үшін қаншалықты шешуші рөл атқарғанына оң баға беруге болады.
Қостанай облысында 1993 жылы 7 аймақтық банк пен 8 филиал жұмыс істесе, 1998 жылы облыста 3 аймақтық банк пен 48 филиал жұмыс істеп тұрды. 90-жылдардың екінші жартысында банк жүйесі айтарлықтай үлкен өзгерістерді бастан кешірді.Капитал қорының жеткіліктілігі, өтімділігі, активтердің сапасы, менеджмент деңгейі, бухгалтерлік есеп, ақпаратты енгізу және алмасу бөлігінде халықаралық стандарттарды қабылдау дәрменсіз қатысушылардың қаржы нарығынан кетуін мәжбүр етті.
Өңірлік банк секторының одан әрі дамуы ел экономикасындағы жалпы үрдістермен тығыз байланысты болды. Дағдарыс жылдары, сондай-ақ олардың өсу кезеңдері облыстағы банк желісінің дамуына тікелей әсер етті.
1998 жыл мен 2020 жыл аралығында жалпы аймақтық көрсеткіште несие үлесі 2%-дан 13,3%-ға дейін, депозит көлемі 1,6%-дан 17,7%-ға дейін ұлғайды. Бұл аймақтық банк жүйесінің ел экономикасындағы үлесі артып келе жатқанын және аймақ дамуы үшін маңызды рөл атқаратын фактор екенін көрсетіп тұр.
Бұл нәтиженің артында банк саласының, соның ішінде, Ұлттық Банк қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр. Біздің аймақтағы банк жүйесінің бастауында Я.К.Мороз, Е.Б.Әлімбаев, Т.А.Тақабаев, М.Ж.Жұмашев, Н.П.Стрижак, В.М.Тутарева, П.А.Сухинин, П.С.Рыбкин сияқты азаматтардың еңбегін ерекше атап өту керек. Ұзақ уақыт бойы облыстың банк жүйесі білікті мамандарды дайындап, тәжірибелі қаржыгерлерді алмастыратын жас және жігерлі мұрагерлерді өсірді.
Бүгінде Қостанай облысы банк секторында екінші деңгейлі банктердің 13 филиалы бар. Аймақтағы банктердің несие портфелі 430 млрд теңгені құрайды. Жыл басынан бері 327 млрдтеңгеге кредит берілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға артық көрсеткіш. Жеке тұлғалардың депозит үлесі 396 млрд теңгені құраса, оның 78% – ұлттық валютадағы депозиттер.
Қазір банктердің кең желісінсіз үйлесімді дамыған мемлекетті елестету мүмкін емес. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Егемен Қазақстанда нарықтық талаптар мен әлемдік стандарттарға жауап беретін жаңа қаржы жүйесі қалыптасқандығын баса айта кету керек.
Ж.Кажрахимов,
Ұлттық Банкі Қостанай
филиалының директоры