АУДАРМА МӘСЕЛЕСІ АҚСАП ТҰР

Соңғы уақыттары «Қостанай таңы» газетінің беттерінде қазақ тілінде қате жазылған жарымжан жарнамалар мен мүгедек маңдайшалар туралы мақалалар белсенді түрде жарияланып келеді. Алайда тиісті әкімдіктер мен тілдерді дамыту бөлімдерінің назарына ұсынылған мәселелер қалай шешіліп жатыр? Оны тексеріп, бақылауға алып жатқан адам жоқ-ау, сірә. Былтыр газетіміздің 28 мамырдағы нөмірінде «Айта айта Алтайды немесе Рудный көшелерінің аты өзгерер түрі жоқ» деген тақырыпта шағын мақалам жарық  көрді. Тиісті мекеменің басшылары, ел ағасы деп жүрген азаматтарымыз бұл мақаланы көрсе де көрмегенсіп, оқыса да оқымағансып жылы жауып қоя салды. Бұл жолы менің емес, оқырмандардың назарына іліккен мәселе – көшелердегі аудармасы ақсаған жарнамалар болды. рудный
Жасыратыны жоқ, кеншілер қаласындағы қаптаған жарнаманы бір шолып өткен қазақ ана тілімізде қате жазылған сөздер мен сөйлемдерге бірден көзі түседі. Мәселен, тәулігіне он мыңнан астам адам жүріп өтетін 50 лет Октября мен Корчагин көшесінің қиылысында, «Бақ-бақ» базарының қарама-қарсы бетінде орналасқан «Мебель Парктың» жарнамасында «Только в мае!» тіркесін бір білгіш «Ғана мамырда!» деп аударыпты. Масқара! Білгіш деп отырғанымыз адам емес, «Google-дегі аудармашы» болуы керек. Бұл – бұл  ма? Жарнама түгел Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен бекітілген әскерилерге арналған Антты да қате жазыпты Рудный тау-кен технология колледжіндегілер. Бұған не дейсіз? Осыларға қарап, кез келген қазақша жазылған немесе аударылған көрнекі құрал қалалық тілдерді дамыту немесе тілдерді оқыту бөлімдерінің мақұлдауынан өтсе екен деп қиялдайсың. Немесе Тіл туралы Заңның талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып тұрса, жұрт кішкене болсын қазақ тіліне құрметпен қарап, жауапкершілік танытар еді. рудный 2
Көшедегі қате жарнамаларды тізбектей берсек, газеттің барлық беті де жетпес. Айтпағымыз, жоғарыда айтылған мәселелерге қолында билігі бар ағаларымыз немқұрайлы қарамаса екен. Құр сөзбен емес, нақты ісімен мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қосып жатса, қандай керемет!
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓