Маңызды міндеттер белгіленді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 11 мамырдағы өзінің мәлімдемесінде ел экономикасының дамуына салмақты серпін беру мақсатында бірқатар міндеттерді атап өтті. Оның ішінде, аграрлық секторға, оның бірқатар бағыттарын реформалаудың қажет екеніне ерекше мән берді.
Әрине, Президент атап өткендей, еліміздің аграрийлері алдында үнемі тұратын міндеттердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мемлекетіміз тауар өндірушілерге, оның ішінде халық тұтынатын, бірінші кезекте қажет ететін өнімдерді өндіруге әрдайым көмек көрсетіп, қолдап отырады.
Бүгінде, аграрлық саланың одан әрі кеңінен дамуына мүмкіндіктер беру үшін оны қаржыландырудың қосымша механизмдері көзделіп отыр.
Мемлекетіміз жеке қосалқы шаруашылықтарға көңіл бөлгені өте орынды деп есептеймін. Президенттің өз мәлімдемесінде айтып өткен, «Егіс даласынан сауда сөрелеріне дейінгі» кооперациялар тізбегін дамыту пилоттық жобасы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде қосымша мүмкіндіктерді ашатындығына сенімдімін. Себебі, азаматтар салық төлейтін болады, осы арқылы олар «көлеңкеде» қалып қоймай, өздерін әлеуметтік тұрғыдан қорғап, мемлекет көрсететін әлеуметтік қамтамасыз етуге ие болады.
Жоспарланып отырған, жылдық 6 % берілетін жеңілдікті микрокредит бұл өнімдерді өндіруді арттыруға, сатып алуды ұйымдастыруға, жалпы кооперациялардың даму деңгейіне ықпал ететін болады.
Біз, Қостанай облысының аргарийлері, Қазақстан Фермерлер Одағының мүшелері, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баса мән беріп, атап өткен бастамалардың барлығын толығымен қолдаймыз, оларды іске асыруға септігімізді тигізіп, қоғамымыздың одан әрі дамуына бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.
Марат Жұмасұлтанұлы Ахметов,
"Қазақстан фермерлер қауымдастығы" қауымдастық
нысанындағы заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бірлестігі
Қостанай филиалының төрағасы,«Азат и Д» ЖШС директоры,
облыстық маслихат депутаты.