Сақау жарнамалар қашан жөнделеді?

Еліміз еңсе тіктеп, дербестіктің байрағын биіктеткелі бері төл тіліміздің тағдыры туралы табанды түрде айтылып та жазылып та келеді. Қабылданған Заңдар мен Қаулылар қаншама? Дегенмен, мемлекеттік тілде жазылған жарнамалар жаға ұстатады, бір оңбай-ақ қойды.SONY DSC
 
Алысқа бармай-ақ, өзіміздің өңір көшелеріндегі көрнекіліктер мен мекеме қабырғаларына үңілсек, қазақша жазулардағы қателерден көз сүрінеді.  Айталық, орталық ауруханаға бара қалсаңыз, қабырғада ілулі тұрған ақпарат тақтайшалары көзге оттай басылады. Ондағы қазақша жазылған сөйлемдерде қателер қойдай өріп жүр, сөйлем мағыналарында мән жоқ. Халыққа қызмет көрсетіп отырған дүкендердің бірінің маңдайшасына “шаңырақ” деген сөзді “шаңырак” деп бадырайтып жазып, тағы да қатеге бойалдырған. Орталықтағы “Даңқ мемориалы” ескерткіші тасында “…Аман қалған әлем ұмытпайды” деген жазудың мағынасы түсініксіз. Сондай-ақ,  өзіміз күнде атбасын бұратын әлеуметтік дүкеннің маңдайшасындағы “АЗЫҚ-ТҮЛІК” деген қос сөз “АЗЫК-ТУЛІК” деп сауатсыз жазылған. Ал «Иволга-Растр» дүкенінің кіреберісіндегі жұмыс тәртібі жазылған жарнаманың қазақшасы да  шала. Тізе берсек, қателер мұнымен шектелмейді…   SAM_2479
Біз, базынамызды арқалап, тиісті мекемеге жүгінуді жөн санадық. Сарыкөл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбаһра Елеуова қазіргі жағдайды былайша түсіндірді:
– Жалпы, біз өңірдегі өрескел қателермен күресіп келеміз, біразын түзеттік. Бірақ, бұл бірден біте қоймайтын іс. Сондықтан, қолымыздан келгенше барлық қателерді жөндеуге тырысамыз.  Жасыратыны жоқ, жөнделмей қалғандары да бар. Қайткен күнде де, біздер бұл олқылықтардың орнын толтырамыз, – деді.    
Әрине, бұл уақыт еншісінде. Не десек те, дәл осындай сауатсыз жазылған сақау жарнамалар қазақ тілінің қадіріне нұқсан келтірері сөзсіз. Ауданымызға да абырой әпермесі тағы мәлім.
 
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓