Шыдамдылық танытайық
Қазіргі елдің басындағы жағдайды бәріміз де түсініп, шыдамдылық танытуымыз керек. Ешкімге де оңай емес. Бірақ үкімет қолдан келген көмекті беріп жатыр. Салық төлеу бойынша жеңілдік жасады. Бұл біз сияқты кәсіпкерлік саласында жүргендерге үлкен көмек. Енді, міне, жұмысынан айрылып, табыс таба алмай отырған жандар үшін 42500 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы тағайындалды. Тиісті құжаттарды дұрыстап әзірлеп, бұл көмекті алып жатқандар да баршылық. Тек шыдамдылық танытайық, ағайын. Министр әр өтініш қаралып, ақша аударылады деп түсінідіріп жатыр. Оған уақыт керек екені белгілі ғой.
Біз де қарамағымызда жұмыс істейтін кісілерді ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдық. Амалдың жоқтығанан осындай қадамға бардық. Бір реттік жәрдемақы бөлінеді деген күннен бастап тездетіп, алты адамның құжатын әзірлеп жібердік. Соның үшеуіне қаражат түсті. Екі қызметкердің құжаты әлі қаралу үстінде. Ал біреуіне берілмейді деп келді. Оның себебін өзіміз де түсінбей отырмыз. Сол себепті өтінімді қайта жібердік. Неге берілмейтінін білгіміз келеді.
Осылайша қолдан келгенше көмек беріп, осы бір қиын шақтан бір-бірімізді қолдап, демеп шығуымыз керек.
Бақытжан Мұттақов,
«Шапағат» ЖК басшысы.
Науырзым ауданы.