Қостанай полицейлері 2 күн ішінде 35 мас жүргізушіні ұстады
«Мас жүргізуші – қылмыскер». Аймақта өткізілген жедел-профилактикалық шара осылай аталды. Шара аясында Қостанай облысында 556 жолда жүру ережесі бұзылған. Ішкен күйінде рөлге отырған 4 жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, жүргізуші куәлігі тартып алынды.
Екі күндік рейд нәтижесінде құқыққорғаушылар бірнеше тәртіпсіздікті әшкере етті. 152 жүргізушіні жүру жылдамдығын асырғаны үшін, 3 көлік иесін қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткені үшін, 21 шопырды жаяу жүргінші өткеліне қатысты бұзған ережелері үшін жауапкершілікке тартты. Тәртіпке шақырылғандардың тізімі мұнымен бітпейді. 114 жүргізуші темір тұлпарын қауіпсіздік белдігінсіз басқарған, 65-і тізгінде келе жатып телефонмен сөйлескен, тағы 8 авто егесі көлеңеленген тереземен ұсталып, тиісті айыбын өтепті.
Әкімшілік полицейлер басқармасының мәлімдеуінше, «Мас жүргізуші – қылмыскер!» операциясы барысында екі жол көлік оқиғасы болыпты. 15 мамырда Рудный қаласының Ленин көшесінде 20 жастағы жергілікті тұрғын «Ауди» автокөлігінің рөлінде келе жатып, қиылыста қарама-қарсы бағыттағы мотоциклмен соқтығысқан. Нәтижесінде 25 жасар мотоциклші ауыр жарақатпен жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Екінші оқиға араға күн салып тіркелді. «ВАЗ 21150» автомобилін тақымдаған Қарабалық ауданындағы Боскул ауылының тұрғыны Алматы-Екатеринбург тасжолының 2060-шы шақырымында жүйткіп келе жатып, рөлге ие бола алмай қалу салдарынан, жол жиегіндегі шұңқырға құлапты. Апат кесірінен екі жолаушы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі таңда аталмыш деректерге қатысты қосымша тергеу амалдары жүргізілуде.
Жандос Жүсіпбеков