Өртте 15 адам қаза болды
Облыстағы өрт жағдайы көңіл көншітпейді. Ағымдағы жылдың 4 айында 300–ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Келтірілген шығын 3 млн.523 теңгені құрайды.
Облыста тіркелген өрт оқиғаларының дені жеке тұрғын үйлерде болған. Сонымен қатар ауылшарушылық нысандарында, әкімішілік және қоғамдық ғимараттар мен сауда нүктелерінде өрт оқиғалары жиелеп барады.
Азаматтардың электр құралдарын, пештерді орнату мен іске қосу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау тілсіз жаудың пайда болу себептерінің бірі.
Өткен жылмен салыстырғанда тілсіз жаудан көз жұмғандар саны да артқан. 15 адам от жалыны астында қалып қойған. Мәселен, Рудный қаласында 7 адам өртеніп кеткен. Қостанай, Қарабалық және Меңдіқара аудандарында да адам өлім тіркелген. Қостанай облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Виктор Шиллердің сөзінше, от пайда болған жағдайда азаматтарды әуре-сарсаңға түсіп, дұрыс әрекет жасамауы қайғылы оқиғаға әкеп соқтырады. Сондай-ақ, мастық салдарынан өртеніп кететіндер де аз емес.
Құзырлы мекеме басшысы облыс әкімі алдында жауап беру барысында өрт оқиғалараның алдын алу мақсатында тұрғындар мен жасөспірімдер арасында түсінік жұмыстарын жүргізу белсенді жүріп жатқанын айтты. Сонымен қатар оқу-жаттығу іс-шалары тұрақты ұйымдастырылатынан атап өтті.
Махаббат Бекбай