Сын сәтте көмекке келуге әзір
Қорған мен Қостанай облысының өрт сөндірушілері бірлескен оқу-жаттығу шараларын өткізіп, даярлығын пысықтады. Оларға өрт кезінде қираған ғимарат ішінде қалған адамдарды аман алып шығу тапсырмасы жүктелді. Жыланды ауылы – Қазақстан мен Ресейді жалғап жатқан шекаралық мекен. Айналасы қарағайлы-қайыңды қалың орман болғандықтан, ауылға төнетін өрт қаупі де жоғары. Тұрғындардың мұндай көрініске көзі үйренген. Екі елдің өрт сөндірушілері жаттығуларын жыл сайын осы жерде өткізеді. Бірлескен жасақтар жаттығуда берілген тапсырманы оңай орындады. 50 гектарды қамтыған қызыл жалын бар-жоғы 30 минутта толық өшірілді. Апаттың алдын алуға екі жақтан отызға тарта техника, жүзден астам құтқарушы жұмылдырылды.