Төрт алаяқ қолға түсті
Рудный полицейлері төрт күдіктіні алаяқтықтың 10 дерегі бойынша ұстады. Алаяқтық әрекет кесірінен келген жалпы шығын көлемі 5 млн теңгеден асады. Қылмыскердің құбанына айналған тұрғындардың көбі – зейнеткерлер. Үш ер адамнан және бір әйелден құралған алаяқтар тобы Қарағанды қаласынан келген. Олар рудныйлықтарды осы жылдың ақпан айынан бері сан соқтырып келген.
Полицейлер алаяқтардың "жұмыс істеу" тәсілін анықтады. Яғни, күдіктілердің бірі қаладағы кез келген дүкенге кіріп, бұл сауда орнына қай нөмір арқылы қоңырау шалуға болатынын сұраған.
"Дүкеннің телефон нөмірін біліп алған соң алаяқтар нөмірдің тек соңы екі санын ғана ауыстырып, жорта қате тереді. Егер тұтқаның арғы жағынан егде жастағы адамның дауысын естісе, әңгімелесе бастаған. Мәселен, жәбірленушілердің біріне: "Мен сіздің туысқаныңызбын, Мәскеуде тұрамын және маған тұрмыстық техника сатып алуға шұғыл ақша керек", – деген. Зейнеткер оның шынымен туысқаны екеніне, оның қиын жағдайға тап болғана сеніп қалып, қаражат беруге келісімін берген. Ер адамдардың бірі оған әлдебір Николай Петрович баратынын, ақшаны сол адамға беру керегін айтқан. Сан соққан мұндай жәбірленушілер саны – 10 адам", – дейді Рудный қаласының ПБ бастығының орынбасары Ербол Кәкенов.
Тәртіп сақшылары жедел тергеу шаралары барысында алаяқтарды қалаға кезекті рет келгенінде 9 маусымда қолға түсірген. Ол кезде қуаяқтар құрбанына айналған келесі зейнеткер олардың қолына 100 теңге санап берген. Күдіктілер – Қарағанды облысының 18, 27, 26 және 24 жастағы тұрғындары. Қылмыскерлер ресейлік тіркеудегі ВАЗ-2110 көлігімен жүріп, облыс орталығында пәтер жалдап тұрған. Күдіктілерден ұялы телефондар мен сим-карталар тәркіленді.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабының 3-тармағы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу аламдары жүргізілуде. Үш айыпталушы Рудный қаласының уақытша қамау изоляторына жабылды.
Полицейлер алаяқтар құрбанына айналмау үшін күдікті қоңыраулар түскен кезде тиісті органдарға жүгініп, бөгде тұлғаларды үйге кіргізбеуге кеңес береді. Сондай-ақ, ақша бермей тұрып, олар атын жамылған туыстарға хабарласып алған абзал екенін еске салады. Сақ болыңыздар!